Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Балық өсіру Ақмола облысында да қолға алынды

AstanaTV
30.01.2017ж. 20:00
2740
Балық өсіру Ақмола облысында да қолға алынды

Зейнеткерлердің үйінде отырып қаржы табуына мүмкіндік табылды. «Арнасай» жасыл технологиялар орталығы «Суррогатты бау-бақша» атты жаңа жобаны қолға алмақ. Бақша өсіруді дамытуда жайын балығын да тиімді пайдалану көзделген. Қазына қаржысын үнемдей отырып, пайдалы істерді жүзеге асырған орталықтың жұмысымен тілшіміз Дәуренбек Бағдәулет танысып қайтты.

Ақмола облысындағы Арнасай кентінде БҰҰ-ның «Биоалуантүрлілікті дамыту» бағдарламасы аясында ашылған жасыл технологиялар орталығы бар. Шағын жылыжай кешенінің арқасында Аршалы ауданы гүлденіп келеді. Әкімдік бұрындары көгалдандыру ісінде әр түп гүлді 80-90 теңгеден сатып алған, қазір  орталықтан не бары 47 теңгеге алады. Бұл өзін-өзі қаржыландыратын орталыққа да тиімді, аудан бюджетіне де салмақ салмайды. Мұнан өзге бақша өнімдерін өндірумен айналысатын азаматтарға шеберлік сағаты өткізіледі. 2015 жылы ашылған орталық 4 мыңға жуық жұмыссыздар мен жас кәсіпкерлерді оқытып үлгерген.

Салтанат Рахымбекова, «Жасыл экономиканы қолдау мен G-GLOBAL-ды дамыту коалициясының» төрайымы:

Ең маңыздылығы, бізге көп оқу өткізу керек. Әр адам бір күнде 10 мыңдай тапсырса, осында қонақ үйіміз бар, онда жату 5 мың теңге болады. Енді бұның құрылысына бірде бір бюджет қаржысы жұмсалған жоқ.

Мұндағы бассейндерде жайын балығы өсіріледі. Әрбірінде 130-дан 800-ге дейін су жәндігі бар. Жетілген соң оларды мектеп асханасына жібереді. Мамандар жылыжай ісімен айналысатындарға балық өсіруді де қоса жүргізуге кеңес береді. Себебі балық жүзген судың құрамындағы минералдар өсімдікке аса пайдалы. 

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Балық өсіру бұл жерде негізінен эксперимент үшін жасалған. Мысалға, мына бір қызанақ түрлері кәдімгі сумен суарылса, ал, мына түптер жайын балықтарының қалдығымен суарылған. Нәтижесінде мамандар олардың ерекше тез өсетінін байқаған, тіпті өнім беріп те үлгеріпті.

Татьяна Немцан, «Ақбота» қоғамдық қорының жетекшісі:

Африкалық жайын балығы фосфорға бай, құрамында дәрумені көп. Мұнда олардың өсіп-өнуіне бар жағдай жасалған. Желтоқсанда не бары 10 грамм еді, қазір салмағы 250-300 граммға жетті. Биыл бұларды су қоймаларға да жібермек ойымыз бар.

Шағын ауылда тиімді іспен айналыса отырған орталық енді «Суррогатты бау-бақша» жобасын енгізбек. Зейнет жасындағы қариялар өз бақшасын қала тұрғындарына, орталық жасаған келісімшарт негізінде жалға береді. Есесіне жері игеріліп, тиесілі өнім алуына, тіпті қаражат табуына мүмкіндігі болады, - дейді жоба авторлары. 

Дәуренбек БАҚДАУЛЕТ