$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қытайда соңғы 50 жылда болмаған алапат тасқын болды

23.04.2024ж. 20:00
524
Қытайда соңғы 50 жылда болмаған алапат тасқын болды

Климаттық өзгеріс өзге мемлекет тұрғындарын да әбден әбігерге салды. Әлем халқы сумен алысып, жер сілкінісінен сескеніп отыр. Толығырақ әріптесім Аружан Задабек тарқатады. Эфирде - Жер-жаһан айдары.

Қайырлы кеш, көрермен! Жер-жаһандағы жаңалықтар туралы, алдағы бірнеше минутта мен Аружан Задабек айтамын. Қытайдың оңтүстік аймағында кейінгі 50 жылда болмаған ең алапат тасқын болды. Табиғат апатына толассыз жауған нөсер жауын себеп болған. Әзірге 4 адамның қайтыс болғаны айтылды. Тағы 10 тұрғын із-түзсіз жоғалып кеткен. Қазір біраз мектеп жабық тұр. Миллионнан аса үй жарықсыз қалды. Ал мамандар алдағы күндері жаңбыр тоқтамайтынын ескертеді. Қауіпті аймақта 127 миллион адам тұрып жатыр. 83 мың тұрғын үй-жайын тастап, қауіпсіз жерге көшірілді.

Ресейде де жағдай мәз емес. Түмен облысында Есіл өзенінің деңгейі бұрын-соңды болмаған межеден асты. Су 11 сантиметрге дейін көтерілген. Құзырлы орындар дәл қазір өзен дегейі сәл төмендеді деп отыр. Бірақ қуануға ерте, қауіп әлі сейілген жоқ. Өңірдегі бірнеше елдімекенді су басуы мүмкін. Мамандар тасқын алдағы 2-3 күнде шарықтау шегіне жетеді, - дейді. Бұл -соңғы 77 жылдағы ең алапат тасқын.

Александр МООР, ТҮМЕН ОБЛЫСЫНЫҢ ГУБЕРНАТОРЫ:

Су деңгейі тағы жоғарылайды. Бұл елдімекендерді су басуы мүмкін деген сөз. Метеорологтар су деңгейінің тым жоғары болатынын ескертті. Бөгеттер бұзылуы мүмкін дейді. Сондықтан біз халықты шұғыл эвакуациялауды бастадық.

Ал, Тайванда жер сілкінді. Қуаты – 6,3 балл. Салдарынан ондаған ғимаратқа зақым келген. Кейбіреуі, тіпті, құлауға жақын. Бір ғана түнде 80-нен аса зілзала болған. Әзірге табиғи апаттан зардап шеккендер жайлы нақты ақпарат жоқ. Естеріңізде болса, айдың басында ғана аралдың Хуалянь уезінде жойқын жер сілкінісі тіркелген еді. Қуаты 7 баллдан асқан зілзаладан 14 адам көз жұмған.

Куо КАЙ-ВЭН, СЕЙСМОЛОГИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҚТЫҢ БҰРЫНҒЫ ДИРЕКТОРЫ:

Шын мәнінде, бұл - энергияның қалыпты бөлінуі. Яғни, өте тығыз және өте жылдам болатын жер сілкіністеріне ұқсайды. Жақында толық басылады.

Әзірге, менде бар ақпарат осы. Біз жер-жаһандағы жаңалықтардан тыс қалмаймыз. Сіз де қалыс қалмаңыз! Келесіде жүздескенше! Әлем тыныш болсын!