Ақтөбелік зейнеткер Шыңғыстау Әбдиев туған қаласын су тасқынынан аман сақтап қалды. Ол Ақтөбе су қоймасы лық толып, қалаға қауіп төнген сәтте, тез қимылдап, екінші шлюзды ашты.
Бұған дейін бөгетте бір ғана шлюз ашылатын. Ал 28 наурызда секундына 1000 текше метрге дейін су жіберу туралы шешім қабылданғанда, екіншісін ашу керек болды. Ол үшін порталды кранды жылжыту қажеттігі туындаған. Бұрын-соңды бұл кранды қолданбағандықтан, оны жүргізе бастағанда тежегіші дұрыс істемей, рельстерге кептетіліп қалады. Әр минут- қымбат. Су мөлшері сағат сайын артып жатты, ал кран қосылар емес. Сонда қоймада 36 жыл жұмыс істеп, былтыр ғана зейнетке шыққан Шыңғыстау Әбдиевке өтініш айтады. Шыңғыстау Қибашұлы бірден келіп, жарты сағаттың ішінде мәселені шешті. Кранға өзі отырып, екінші шлюзді ашты.
Шыңғыстау ӘБДИЕВ, АҚТӨБЕ СУ ҚОЙМАСЫНЫҢ МАМАНЫ:
Бір уақытта келіп қалған суды өткізуде кішкене жанталастық. Бірақ енді біздің ұжым ауызбіршіліктің арқасында бәріміз жабылып сол. Мен зейнетте болсам да келіп жігіттер шақырған соң, өз білгеніммен бөлісіп, суды уақытында өткізіп, уақытында тежедік. Қауіптің бетін қайтардық.
Шыңғыстау Әбдиев бұған дейін мұндай мол су көрмегенін айтады. Ол өзінің кәсібилігі мен тәжірибесін көрсетіп, құтқарушыларға осылайша қол ұшын созды.
Әділжан ӘЛІЗАҚ, «ҚАЗСУШАР» РМК АҚТӨБЕ ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Водохранилищеде бір-бір инженерден, қалғаны реттеуші. Реттеушілер үлкен кісілер көптен істеп келе жатыр. Жастарға жанағы өз үйренгенін үйретіп как преемственность поколении.
Шыңғыстау Қибашұлы қайтадан кран машинисі қызметіне кірісті. Тәжірибелі маман жастарға жауапты жұмыстың қыр-сырын үйретіп, тәжірибесімен бөліседі. Оның өз үш ұлының бірі де- су шаруашылығы саласының маманы.