Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Қарағандыдағы Тәттімбет атындағы өнер колледжінің студенттері сабақты дәліздерде оқуға мәжбүр

AstanaTV
07.02.2017ж. 20:00
7969
Қарағандыдағы Тәттімбет атындағы өнер колледжінің студенттері сабақты дәліздерде оқуға мәжбүр

Атақты күйші Тәттімбет атындағы колледжге жаңа ғимарат керек. Мұндағы оқытушылар осылай деп отыр. Өйткені 65 жылдық тарихы бар оқу ордасының тұрақты мекен-жайы жоқ. Музыканттарға арнап салынған мәдениет ордасы заңгерлерге берілген. Енді қан орталығының қолайсыз бөлмелерінде музыканттарды дайындап жатыр. Оқу ордасының жағдайын Айжан Қуаш көріп қайтты.

Өнер ордасының концерт залының кейпі - осы. Колледж ұжымы екі-үш бөлмені қосса да, оркестрді сыйғыза алмаған. Не сахна, не көрерменге орын жоқ.

Азат Әбілқасымов, Тәттімбет атындағы өнер колледжінің студенті:

Туба класы жетіспейді, аз. Өйткені үш-ақ кабинет берілген духовиктарға. Класта көп адам болады да, дайындалуға орын аз.

Қайыржан Қасымов, Тәттімбет атындағы өнер колледжі үрмелі аспаптар оркестрінің дирижері:

Дыбыстар гуілдеп тұр, акустика жоқ. Шығармалар таза шықпайды. Студенттер сахнаға үйренуі тиіс, ал ол бізде жоқ. Бүкіл емтихан, академиялық концерттер осында өтеді. Өнер орны деп айтуға ұят, шалғайдағы ауыл клубы секілді.

Музыканттарға арналып салынған мәдениет ордасы заңгерлерге берілген соң, әртістер нағыз көшпенділерге айналды. Қазір қан құю орталығына тұрақтаған. Мұндағы кабинеттер, дәліз, киім ілетін бөлме де қуықтай. Ал спорт зал атымен жоқ.

Айжан Қуаш, тілші:

Дәліздердің тарылығы сонша, екі есік қатарынан ашылса, ортасында қысылып қалуыңыз әбден мүмкін. Мұндай қуыстан музыкалық аспаптарды алып жүрмек тұрмақ, студенттердің өзі ары-бері әрең өтеді.

Осы дәліздерде студенттер мемелекеттік емтихандар мен сынақтарға дайындалуға мәжбүр. Өйткені өзгелер сабақ оқыған кезде, бұларға бос бөлме жоқ.

Ақжол Баяндин, Тәттімбет атындағы өнер колледжінің студенті:

Кабинеттер жетіспейді бізге, кішкентай. Біз осындай переходтарда дайындаламыз. Бәріміз бірге дайындалғаннан кейін кім, не ойнап жатыр, өз-өзімізді естімейміз.

Ұстаздардың айтуынша, бұл өнер колледжіне қойылатын санитарлық-техникалық, эпидемиологиялық талаптарға өрескел қайшы. Түрлі аспаптарда ойнап, ән шырқау үшін арнайы жабдықталған кең сыныптары бар қолайлы ғимарат қажет. Педагогтар мәжіліс депутаттарынан көмек сұраған.

Сәуле Жәутеева, Тәттімбет атындағы өнер колледжі директорының оқу істері бойынша орынбасары:

Біздің концерт беріп, дамығымыз келеді. Бірақ, репетиция жасайтын жер жоқ. Білім басқармасы дыбыс студиясын, интерактивті тақта бермекші. Оны қайда қоямыз? Тәжірибелік сабақтар жатақханада, қаладағы театрларда өтеді. Бізде 500-дей студент бар. Оларға да қиын, жол ақысы 80 теңге.

Нұрлан Дулатбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының  мүшесі:

Ғимараттың жағдайы адам шошырлық екен. Бұл Қарағандының мәдени мұрасы емес пе? Сондықтан өте өкінішті. Депутаттар мәселені Білім және мәдениет министрлерінің алдына қойып, түбегейлі шешуге ат салысамыз.

Атақты күйші Тәттімбет атындағы өнер колледжіне биыл 65 жыл толмақ. Осы уақытта оқу орнының ұжымы Қазақстан мен шетел мәдениетінің талай майталмандарын тәрбиелеп шығарды. Соңғы 5 жылдың өзінде 40-тан астам жас халықаралық байқаулардан жүлдемен оралған.