Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Галина Вишневская Қазақстан қоржынына 11-ші алтын салды

AstanaTV
07.02.2017ж. 20:00
2343
Галина Вишневская Қазақстан қоржынына 11-ші алтын салды

Қазақстан спортшылары Универсиадағы жеңіс жолын бүгін де жалғастырды. Шаңғымен сырғанап, нысана дәлелдеуден ерлер де, әйелдер де бүгін жарыс жолына шықты. Универсиадада додасын бастан-аяқ бақылап жүрген тілшіміз Ришат Асқарбекұлы байланысқа шықты. Бүгін кімдердің бағы жанды?

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Бүгін Галина Вишневская ғана алтын медальға ие болды. Түске дейін «Алатау» шаңғы кешенінде өткен әйелдер арасындағы масс-старттан Галина Вишневская алдына жан салмады. Сөйтіп, Қазақстан құрамасының қоржынына 11-ші алтын медальді салды. Бұл оның екінші алтыны, бұған дейін спринтерлік жарыста бірінші келген еді. Күмісті Украина, қоланы Ресей спортшысы еншіледі.

Галина Вишневская, Универсиада-2017 екі дүркін алтын иегері:

Универсиаданы ерекше екпінмен аяқтау бақытына ие болдым. Бүгін жылдамдықта да, нысананы дәл атудада жолым болды. Тек бір рет қана мүлт кеттім. Бірақ ол жеңіске кедергі келтірмеді. Мені қолдаған жандарға алғысым шексіз.

Биатлоннан ерлеріміз бір күміс, бір қола алғаны тағы бар. Ал шорт тректен фавориттеріміз жеңіс тұғырынан көріне алды ма?

Өкінішке орай, 1000 метр қашықтықтағы жарыста қыздар арасынан ешкім А тобына өте алмады. Яғни финалға шыға алмады. Корей спортшылары алдарына жан салмады. Ал ерлер арасында корейлер көш бастады. Тек қазақстандық спортшы Денис Никиша қола жүлдеге ие болды. Басты фаворит саналған Нұрберген Жұмағалиев ережені бұзды деп, сайыстан шеттетілді.

Мәдіғали Қарсыбеков, Қазақстанның шорт тректен бас бапкері:

Нұрберген финалға енсе, екінші орыннан түспес еді. Бірақ жартылай финалда қателік жіберіп қойды. Сосын ол пенальтиге кетті. Оның орнына бірақ Денис пен Айдар келді.

Бүгін сондай-ақ керлинг спортынан медалға үміткерлер өнер көрсетті. Бірақ ешкім жүлделі болмады. Ал әйелдер арасындағы шайбалы хоккейден сайыстар мәресіне жетті. Финалда Ресей құрамасы Канаданы жеңіп, Универсиаданың алтын медаліне қол жеткізді. Ал қола АҚШ құрамасының қанжығасында кетті. Қазақстандық қыздар жеңіс тұғырына көтеріле алмады.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Ал, керісінше, осы хоккейден ерлер арасында Қазақстан құрамасы алтыннан үміткер. Дәл қазір Чехия мен Қазақстан арасында финалға шығу үшін талас жүріп жатыр. Бұл ойында жеңгені бүгін Канада мен Ресей құрамасының арасында жеңген командамен бас жүлде үшін сынға түспек. Қазақстан студенттер ойынының бүгінгі нәтижесі бойынша әлі де екінші орында.

Ресей көш бастап тұр. Ал біздің спортшыларды соңғы екі күннен бері Корей республикасының құрамасы өкшелеп келеді. Универсиаданың жабылу рәсімі ертең кешкі сағат 19-00-де «Алматы аренада» басталады.