$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Дамуында ақаулығы бар бала көбейіп барады

16.05.2024ж. 20:00
687
Дамуында ақаулығы бар бала көбейіп барады

Елімізде даун синдромы бар бала саны жылдан-жылға артып барады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше мүмкіндігі шектеулі 203 мың бала бар. Әсіресе туа бітті мүгедек, сондай-ақ өсе келе жетілуінде ақаулық пайда болатын бала көбейген. Мұның себебі неде? Тілшіміз анықтады.

Ата-ананың жүктілікті жоспарламауы, денсаулығына немқұрайлы қарауы өмірге келетін баланың саулығына тікелей әсер етеді. Генетиктер осылай деп дабыл қағады. Сондай-ақ баланың күндіз-түні телефоннан бас көтермей отыруы да дамуын тежеп, тіпті ақаулық тудыруы мүмкін.

Гүлшара ӘБІЛДИНОВА, МЕДИЦИНА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ГЕНЕТИК-ДӘРІГЕР:

Әйелдің жасы ұлғайған сайын дүниеге бала әкелсе, сәбидің дамуындағы ақаулық деңгейі де артуы мүмкін. Соңғы жылдары әйелдер баланы тым кеш өмірге әкелетін болды. Жүктілікті жоспарламау, дұрыс тамақтанбау, ағзаға қажетті фолий қышқылы сияқты витаминдерді қабылдамау баланың дамуындағы кемістікке себеп болады.

Медицина сәбидегі ақауды іште жатқан кезде анықтауға қауқарлы, ал шешім қабылдау ата-ананың еркінде. Мәселен былтыр қалалық Көпбейінді ауруханада 13 отбасы патологиясы бар балаларды өмірге әкеліп, оның 5 еуі қайтыс болған.

Тәттігүл ӘМІРБЕКҚЫЗЫ, ЖОҒАРЫ БІЛІКТІ ГЕНЕТИК-ДӘРІГЕР:

Балада ақаулардың болуын алдын ала биохимиялық скрининг өтеміз. Ауыр потология болса УЗИ скрининг арқылы да көрінеді. 2023 жылдан бастап бізде 21 мың жүкті әйел осындай зерттеуден өтті. Соның ішінде 350 әйелдің ішінде осындай ақаулар болды.

Ұлттық балаларды оңалту орталығына келетін 4 мың пациенттің көп бөлігінде мүгедектігі бар. Баланың дамуында ақаулық болса оны толық емдеу іс-жүзінде мүмкін емес. Оңалту орталығындағы мамандар қолымыздан келетіні тек жағдайды жеңілдету дейді.

Меруерт АҒЛАНБЕКОВА, ҰЛТТЫҚ БАЛАЛАРДЫ ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ КЛИНИКАЛЫҚ ОҢАЛТУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫ:

Біздің орталықта көбінесе кездесетін ол церебральный паралич, аутизммен келетін балалар бар, және туа бітті ақаулық деп айтамыз, сондай пациенттер көбінесе түседі. Өкінішке қарай ол пациенттер саны көбейіп жатыр.

Адам ұрпағымен мың жасайды. Ал ұрпағым аман болсын дейтіндер әуелі оның денсаулығына алаңдауы керек. Жай ғана алаңдап қоймай, өзінің де хал-күйіне мұқият мән бергені абзал.