Өзбекстанның Сұрхандария облысына қарасты Сарыясы ауданындағы тұрғын үйлер мен мектептің аумағына кіріп кеткен аю ішкі істер органдарының қызметкерін жарақаттаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бүгін әлеуметтік желілерде Сұрхандария облысындағы "Жаннатмакон" махаллясына кіріп кеткен аюдан қашып бара жатқан адамдардың видеосы жарияланған еді.
Бұл жағдайға байланысты Өзбекстанның экология, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі министрлігі түсінік берді.
“Аюдың көзін жоюға тырысқан ішкі істер органдарының қызметкеріне жануар шабуыл жасап, оны жарақаттады. Сондай-ақ аю №74 мектептің аумағына кіріп кетті. Ол уақытта аулада оқушылар болған. Жануар білім алушылардың өміріне қауіп төндірді. Бұған байланысты жедел шара қабылданып, аю атылды”, – делінген министрліктің мәлімдемесінде.
Жарақат алған қызметкер қазіргі уақытта медициналық тексеруден өтіп жатыр.