Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Жемқорлықты ауыздықтауға азаматтық қоғамды тарту...

AstanaTV
11.02.2017ж. 20:00
1704
Жемқорлықты ауыздықтауға азаматтық қоғамды тарту...

«Бәйтерек» ұлттық холдингіндегі жемқорлардың ұсталуына орай Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров былай дейді. Айта кетейік, былтыр қарашада «Бәйтеректің» қарамағындағы "Байтерек DEVELOPMENT" компаниясының топ-менеджерлері парамен ұсталған. Ал қаңтарда Ұлттық экономика министрі позициясындағы, алдында «Бәйтерек» холдингін басқарған Қуандық Бишімбаев қамалды.

Қайрат Қожамжаров, Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы:

 «Бәйтерек» қорынан ұзақ уақыт қаржы жымқырған топ ұсталғаннан кейін біз оп-оңай ұрлауға мүмкіндік беретін жағдай бар екенін анықтадық. Квазимемлекеттік секторға мемлекеттік сатып алулар заңы жүрмейді. Корпоративті кодексі бойынша тендерлерге, мемлекеттік тапсырыстарға қай кәсіпкердің қатысатынын, төлемнің қалай жүретінін бір-ақ адам шеше алған. Қадағалау да, бақылау да болмаған.

«Жемқорлықты ауыздықтау үшін біз барынша мөлдір, барынша ашық болып, барынша азаматтық қоғамды тартуымыз керек», - деді Қ.Қожамжаров. «Азаматтық қоғамды тартуымыз керек» дегені елең еткізеді. Классикалық ұғым бойынша азаматтық қоғам «заң бәрінен үстем, заң алдында бәрі бірдей» қағидасы сақталатын қоғам. Басты құндылық  - Адам, адам өмірі. Адам құқықтары мен бостандығы. Азаматтық қоғам мемлекеттен тыс емес – мемлекеттің негізі азаматтық қоғам. Жарайды, философия мен саясаттану ғылымдарына тереңдемей-ақ қоялық. Айтпағымыз – бізде алдымен азаматтық қоғамды «ағарту» көзделген сияқты. Себебі аталған агенттік коммуналдық қызметтердің ақысы жазылған квитанциялармен бірге жемқорлықтың зияны туралы буклеттер таратпақ. Олардың ойынша жемқорлықтың зиян екенін тұрғындарға тәптіштеп түсіндіру керек.

Алик Шпекбаев,Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары:

Гонконг тәжірибесіне сүйене отырып, біз «Есіктен есікке» деген еліміздің барлық тұрғынын қамтитын  бағдарламаны жүзеге асырамыз.Мысалы, «Астана-ЕРЦ» компаниясымен келістік, Астана тұрғындарына коммуналдық түбіртектермен қоса антикоррупциялық буклеттер жібереміз. 250 мың пәтерді қамтымақпыз. 

А.Шпекбаев Гонконг тәжірбесін алдымен Астана, сосын бүкіл ел бойынша енгізетіндерін айтты. Бірінші тоқсанның соңына дейін. Буклеттерді басып шығаруға кететін ақша жемқорлықтың кесірінің қасында түк емес деп ойлаймыз. Рас, азаматтардың дәрігеріне берген «рақметі», МАИ қызметкеріне ұстатып кететін ауызбастырық, тағысын тағы, дұрыс емес. Оған да принципшілдік пен тәртіпті бұзбау мінезі керек. Ұят керек. Бірақ азаматтық қоғам ондай мінездердің өзінде ғана болғанын қаламайды.