$450.79 €482.21 ₽5.05
×

СҚО-да полицейлер палаткада түнеген шетелдік туристке көмектесті

AstanaTV
23.05.2024ж. 07:47
348
СҚО-да полицейлер палаткада түнеген шетелдік туристке көмектесті

СҚО полиция департаменті патрульдік полиция батальонының қызметкерлеріне шетелдік велосаяхатшы жолықты, деп хабарлайды Polisia.kz.

«Оңтүстік» бақылау-өткізу бекетіндегі ауысым құрамында кезекшілікте тұрған патрульдік полицияның аға инспекторы Асқар Сердалинов 21 мамыр күні таңертең жол үстінен сәл алшақтау жердегі орман ішінен туристік палатканы байқап қалған. Оның ішінде жаңбырдан соң үсті-басы малмандай су болған велосаяхатшы түнеп жатқан.

Ол Мексика елінің Энрике Рамирес есімді 57 жастағы азаматы болып шықты.

Тәртіп сақшылары оны бекетке шақырып, ыстық шай берді. Патрульдік полицейлер халықаралық тілді жақсы меңгерген СҚО полиция департаментінің аға инспекторы Нұрбек Баекинмен бірге смартфондағы веб-аудармашының көмегімен шетелдікпен ағылшын тілінде сөйлесті.

Мексикалық азамат Ресейден Астана қаласына бара жатқанын, кейін Саратов қаласындағы музыкалық фестивальге қатысатынын айтты.

Су тасқынынан кейін ылғалды орманда киімдерін ұзақ уақыт кептіруге тура келген.

«Қуанышқа орай, Петропавл қаласынан полицейлер оған уақытша баспана тауып берді. 22 мамыр күні Энрике полиция қызметкерлеріне қамқорлықтары үшін алғысын айтып, жолға шықты. Полицейлер оған жол үстінде мұқият болуды айтып, жол жүрісі қағидаларын сақтау қажет екенін еске салды. Жол үстінде көмек қажет болған жағдайда полиция қызметкерлеріне жүгінуге кеңес берді. Полицейлердің айтуларынша, шетелдік велосаяхатшылар Солтүстік Қазақстан облысы арқылы сирек өтеді екен. Сондай-ақ алыс жолға шығуды құмартатындарға сапарға шықпас бұрын ауа райын қарап алуға, жол шетіне шығып, ауыр жүк көліктеріне жол беруге, қауіпсіздіктері үшін арнайы шлем киюге және жақсылап дайындалуға кеңес береді», - делінген хабарламада.