$450.79 €482.21 ₽5.05
×

Маңғыстаулық құтқарушылар Атырау облысында құтқару жұмыстарын жалғастырып жатыр

AstanaTV
23.05.2024ж. 15:00
448
Маңғыстаулық құтқарушылар Атырау облысында құтқару жұмыстарын жалғастырып жатыр

Атырау облысындағы су тасқыны әлі толастамай тұр. Осыған байланысты Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаментінің жедел тобы Атырау облысы Махамбет ауданы Таңдай ауылында апаттық құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.

Облыстық ТЖД бастығының орынбасары Нұрлыбек Айжарықовтың айтуынша, 22 мамыр күні жұмыс барысында шамамен 150 бас ұсақ мал, тұрмыстық бұйымдар қауіпсіз жерге эвакуацияланып шығарылған. Авариялық құтқару жұмыстарына 4 жеке құрам, 1 үрмелі қайық, 2 бірлік техника жұмылдырылған.

- Махамбет ауданы, Есбол ауылындағы «Су тазарту бекетінің» ауласында 3 мотопомпаның көмегімен, шамамен 680 текше метр су сорылды,-дейді Нұрлыбек Айжарықов.

Айта кетейік, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Атырау облысына Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаментінен барлығы 225 жеке құрам су тасқыны жағдайының алдын алуға жұмылдырылған. Бүгінгі күні 132 жеке құрам, 13 бірлік техника, 7 жүзу құралы, 25 мотопомпа жұмыс істеп жатыр. Атап айтар болсақ, Құлсары қаласында 15 жеке құрам, Атырау қаласында 28 жеке құрам, Индер ауданында 4 жеке құрам, Махамбет ауданында 87 жеке құрам бар.