Бюджет шығынының жартысы Ұлттық қордан және қарызға алынып жатыр. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов айтты. Ол жиында Үкіметтің бюджет қалыптастыру кезінде жіберетін кемшіліктеріне тоқталды.
Соңғы жылдары тұрғындардың ғана емес, мемлекеттің де шығыны артқан. Шығыстың 50 пайызын мұнайға қатысты емес кірістер жауып жатса, қалғаны Ұлттық қордың трансферттері және қарыздарды тарту есебінен өтеліп жатыр. Сондықтан тапшылықты ұстап тұру жеткіліксіз. Ол үшін ұзақ мерзімді жоспар қажет, - деді Әлихан Смайылов.Төраға бір сөзбен айтқанда Ұлттық қорды басқару жөніндегі нормативтік құқықтық базасын тұрақтандыру керектігін атап өтті.
Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ЖОҒАРЫ АУДИТОРЛЫҚ ПАЛАТА ТӨРАҒАСЫ:
Әйтпесе, Мемлекет басшысының Ұлттық қордың валюталық активтерін 2030 жылға қарай $100 млрд дейін ұлғайту жөніндегі мақсатына қол жеткізбеу тәуекелі жоғары екенін көріп отырмыз. Қарыз алу құралын кеңінен қолдану да борыш жүктемесінің тәуекелін арттырады.
Жоғары аудиторлық палата төрағасы Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметіне де күмән келтірді. Айтуынша, 2023 жылы әкімшілендіру есебінен бюджетке 944 млрд теңгеге жуық қосымша түсім түскен. Ал Жоғары аудиторлық палатаның бағалауы бойынша, бұл көрсеткіш төрттен бір бөлікке аз. Смайылов салықтық жеңілдіктердің тиімділігіне толыққанды талдау әлі де жүргізілмей келе жатқанын айтты.
Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ЖОҒАРЫ АУДИТОРЛЫҚ ПАЛАТА ТӨРАҒАСЫ:
Сондықтан бюджет кірістерінің түспеуіне алып келетін салықтық жеңілдіктерді пайдалану тиімділігіне толыққанды талдау жүргізуді регламенттеп, оны Парламенттің ашық талқылауына ұсынуды қажет деп есептейміз. Көлеңкелі экономиканы қысқарту – бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту үшін маңызды фактор.
Сондай-ақ аудиторлық палата төрағасы былтыр 489 млрд теңге бюджет қаражаты тиімсіз игерілгенін мәлім етті. Қаржы министрі Мәди Тақиев те бұл цифрды растады. Айтпақшы, министр 10 ұлттық жоба мен 2 мемлекеттік бағдарламаның күші жойылғанын еске салды. Қос палата жиынында бюджет қаражатына байланысты депутаттардың да көңілі толмады. 14-і қарсы дауыс берді. Дегенмен халық қалалулыраның басым бөлігі үкімет есебін мақұлдады.