Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Алматыда тағы да бір әлеуметтік базар ашылды

AstanaTV
21.02.2017ж. 20:00
3108
Алматыда тағы да бір әлеуметтік базар ашылды

Алматыда ауыл шаруашылық жәрмеңкелеріне бәсекелес болатын жаңа сауда орталығы жұмыс істей бастады. Әлеуметтік сауда орны шаһардың айналасында орналасқан тауар өндірушілермен тікелей қарым-қатынас жасау арқылы өнімнің бағасын 15 пайызға төмендетуді көздеп отыр. Қала билігі бұл базардың сауда және баға саясатын реттеуге жаңа серпін беретініне сенімді. Біздің тілшілеріміз бағаның қаншалықты арзан екенін көріп келді.

Әлеуметтік базар Алматыда бұрын да бірнеше рет ашылған болатын. Бірақ бұл жолы қалалық ауыл шаруашылық басқармасы жобаға ерекше үміт артып отыр.

Айдын Керімбек, Алматы қаласы ауыл шаруашылық басқармасының басшысы:

Бағасы басқа базарларға қарағанда 15% дейін төмен болуды жоспарлап отырмыз. Бұл тек азық-түлік базары болады. Бұл 3 сатыдан тұрады. Қазір осы жерде, біз көріп отырғанымыздай, жеке тұлғалардың алу мүмкіндігі бар. Екінші этапта тек үлкен гипермаркет, супермаркеттер алу мүмкіндіктері болады.

Алманы қала жұртшылығы талғап жейді. Бірақ жергілікті бау-бақашаның осындай өнімі Көк базарда немесе орталықтағы сауда орнында 500 теңге мен 800 теңге аралығында саудаланады. Әлеуметтік базарда оның құнынн 250-400 теңгеден белгілепті. Себебі  жоба жетекшілері тауарды ауыл шаруашылық өндірушілерімен тікелей келісімшартпен алып отырмақ. Ортадағы делдалдарсыз жұмыс істеу үшін Алматы облысы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстаннан 51 жеке шаруа қожалығымен шартқа отырған. Базардың екінші және үшінші сатысы осы жылдың соңына дейін пайдалануға берілмек.

Бағлан Нұрғали, тұтынушы:

Бағалар өте жақсы, еттері өте жақсы. Сосын былай байқасам, жеміс-жидектері қымбат емес. Тек қана сапасына қарағанда, өте свежий болып тұр. Мына жер, бәрі тап-таза.

Досмұқан Керімбаев, базар жетекшісі:

Біздің енді бірінші мақсатымыз - төмен баға, сапалы өнім. Ары қарай халық өзі естігеннен кейін 1 адамнан кейін ары қарай 4-5 адам келу керек. Қазіргі біз тұрған павильонның ішінде 300 адам жұмыс орнымен қамтылады.

Әлемдік тәжірибеде мұндай базарлар салу Еуропа елдерінде ерекше мәнге ие. Франциядағы «Ранжис» танымал жобасы қаладағы ең төменгі бағаны ұстап тұру арқылы жылына 18 млн еуропалыққа қызмет көрсетеді. Мұндағылар да сол тәжірибеге сүйенбек.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ