$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қарағанды облысының Ақтау кентіндегі қазандықтар заңсыз жұмыс істеп тұр

AstanaTV
22.02.2017ж. 20:00
2840
Қарағанды облысының Ақтау кентіндегі қазандықтар заңсыз жұмыс істеп тұр

Қарағанды облысының Ақтау кентінде де Шахан оқиғасы қайталануы мүмкін. Ондағы тұрғын үйлерге жылу тарататын қазандықтар заңсыз жұмыс істеп тұр. Автоматтандырылған жылу жүйелерінің ешқандай құжаттары жоқ. Бұл туралы бүгін Теміртау қалалық прокуратурасының өкілдері БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді. Олардың айтуынша, аталған қондырғылар барлық санитарлық-техникалық нормалар мен өрт қауіпсіздігіне қайшы.

Рүстем Танышбеков, Теміртау қалалық прокуратурасының аға прокуроры:

«Өрт сөндіргіш құралдары, өртке қарсы құралдары жоқ. Сонымен қатар көмір мен жанғыш заттар сол бөлмеде орналасқан. Жеке қазандықтардың да құжаттары жоқ. Қалай қойылғаны, кім қойғаны белгісіз болып отыр».

Ақтау кентіндегі көпқабатты нысандарда 17 қазандық бар. Оның 8-і көпқабатты тұрғын үйлерге жылу таратады. Бұл автоматты жүйелердің біреуі үйдің жертөлесінде, қалғандары жеке орналасқан. Қондырғыларды тұрғындар өз беттерімен орнатқан, - деді пркурорлар. От жағатындар техникалық қауіпсіздік сақтау бойынша оқытылмаған, тіпті олармен еңбек келісімшарты да жасалмағанын жеткізді. Прокурорлар Теміртау қалалық әкімдігіне құзыретті мекемелер мен тұлғаларды жауапқа тарту туралы хат жолдапты.

Айжан ҚУАШ