Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Б.Сапарбаев өңір спортшылары үшін ұялатынын айтты

AstanaTV
22.02.2017ж. 20:00
2193
Б.Сапарбаев өңір спортшылары үшін ұялатынын айтты

Бердібек Сапарбаев өңір спортшылары үшін ұялады. Ол бұл туралы бүгін халық алдындағы есеп беру кезінде айтты.

Бердібек Сапарбаев, Ақтөбе облысының әкімі:

Мен, шынын айтсам, кейде ұяламын. Кеше ғана біткен Алматыдағы универсиадада бір де бір ақтөбелік жүлдегер шыққан жоқ. Азия ойындарында бір де бір ақтөбелік қатыспаған. Ақтөбенің потенциалы бар.

Жиынға 12 ауданнан он мың адам онлайн режимінде қосылды. Жазбаша және ауызша түрде 500 сұрақ келіп түскен. Әкім олардың 30-ына жауап беріп үлгерді. Кездесу қала сыртындағы теннис орталығында өткендіктен, арнайы қоғамдық көліктер ұйымдастырылды. Дегенмен, жиынға қатысуға ниеттілер көп болғандықтан, спорт нысанының айналасында ұзын-сонар көлік кептелісі пайда болды. Көптеген тұрғын темір тұлпарларын жарты шақырым жерге тастап, жаяулатып жетті. Әкімге тікелей сауал қойғысы келгендер көп болды.

Гүлмирам Сражева, облыстық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығының мүшесі:

Арбадағы адамдар өзіміздің де, өзгенің де мазасын алғаннан басқа нәтижеге жете алмай келе жатырмыз. Яғни Ақтөбе облысында тірек мүшесі зақымдалған, мүгедектерге арналған еуростандартқа сай арнайы санаторий салуды ұсынып отырмыз.

Кездесуге келгендер тарапынан білім, денсаулық сақтау және жол мен үй құрылысы жөніндегі сауалдары көп болды. Әкімнің айтуынша, үш ауысымды мектептердің мәселесі өңірде 2019 жылы толық шешілуі тиіс. Сондай-ақ жол құрылысы да жалғасады. Биыл "Ақтөбе-Атырау" және "Ақтөбе-Орск" тас жолдары салына бастайды.