$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Мәжіліс депутаттарының халықпен кездесуі жалғасып жатыр

Мәжіліс депутаттарының халықпен кездесуі жалғасып жатыр

Ақтөбе облысында 600-ге жуық адам эвакуациялық бекеттерді паналап отыр. Мұндағы тұрғындар тасқын судан кейін шешімін таппаған өзекті мәселелерді алға тартты. Өңірге арнайы барған Мәжіліс депутаттары топан судан зардап шеккен халықпен кездесті. Халық қалаулылары Темір, Ырғыз, Ойыл аудандарында болып, халықтың жағдайымен танысты. 

Ақтөбеліктерді бір емес, бірнеше мәселе мазалайды. Атап айтқанда, су басқан аумақтарға дамбалар мен бөгеттердің салынуы, тасқыннан зардап шеккен шаруаларға келтірілген мүліктік шығынының өтелмеуі, төленіп жатқан өтемақының шығынды толық өтеуге жетпеуі. Аймақта жаңадан салынып жатқан үйлер аралаған депутаттарға халық осылай деп базынасын айтты.

Қазыбек ӘЛІШЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Ауылдық жердегі үй болғаннан кейін олардың қора-қопысы бар. Жаңадан үй салынып жатыр әдемі үй, бірақ мал қоралары осы шығындары өтеу ережелеріне кіргізілмегендігі тағы да айтылып жатыр. Осындай мәселелерді шешу жергілікті әкімдіктің қолынан келмейді. Ереже де жоқ. Бекітілген нақты ереже үкімет тарапынан бекітілген. Осы ережелерге өзгеріс енгізу мақсатында біздер жұмыс атқаратын боламыз. 

Қазір өңірде тасқыннан зардап шеккен 400 адам баспаналы болды. Бірнеше ауданда 511 жаңа үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Ал Түркістан облысы Кентау қаласында жаңартылып жатқан жылу қазандықтарының алғашқы екеуі тамыз айында аяқталады. Қазір 90 пайызға дайын. Тағы екеуі қыркүйекте тапсырылады. Жалпы алдағы қыста кеншілер шаһарына толықтай жаңадан құрастырылып жатқан алты қазандықтан жылу таратылмақ. 

Темір ҚЫРЫҚБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Қазір екі сменде жұмыс істеп жатыр екен. 120-ға жуық адамдар жұмыс жасап жатыр. Мердігер компанияның былай қарасам тәжірибесі бар. Біз қыстың күні келіп өзекті мәселе екенін қарап кеткенбіз. Осы уақытқа дейін бақылауымызда. Біткенге дейін де бақылауымызда болады. Аяқталғаннан соң да бақылауымызда болады бұл объектілер.

Ұлытау облысында да құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алайда тым баяу. Мұнда инфрақұрылым мен тұрғындардың өмір сапасын жақсарту мақсатында қоғамдық бассейннің құрылысы қолға алынған. Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай Қаражал қаласына барған сапарында осы және өзге де әлеуметтік нысандардың құрылысымен танысып, тұрғындарды қабылдады.

Аманжол ӘЛТАЙ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Жабық бассейнді қарасақ, мұнда корректировка жасалған, қаржы бар. Бірақ жұмыс қарқыны жоқ, дұрыс ұйымдастырылмаған. Жұмыс күші жоқ. Сондықтан да бас мердігер компанияның өз жұмысына, өз ісіне салғырт қарағандықтың көрінісі.

Қоғамдық қабылдауда тұрғындар қаладағы инфрақұрылымның жай-күйі, әлеуметтік төлемдердің мөлшерін арттыру, сондай-ақ денсаулық сақтау және білім беру мәселелері бойынша толғандырған сұрақтарын жолдады. Депутат әр сұраққа егжей-тегжейлі жауап беріп, бірқатар өзекті мәселені өз бақылауына алды.