$480.55 €533.75 ₽5.36
×

Жұбайының несие беруге келісімін қалай рәсімдеуге болады: ережелер әзірленді

AstanaTV
11.07.2024ж. 12:20
262
Жұбайының несие беруге келісімін қалай рәсімдеуге болады: ережелер әзірленді

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жеке тұлғаға банктік қарыз немесе микрокредит беруге жұбайының келісімін алу қағидаларын және ең төменгі мөлшерін бекіту туралы заңның жобасын дайындады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қағидаларда екінші деңгейдегі банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың, микроқаржы ұйымдарының (кредитордың), жеке тұлғаның жұбайының тіркеуге жататын мүлікті кепілмен қамтамасыз етілмеген тұтынушылық банктік қарыз немесе тұтынушылық микрокредит беруге келісімін алу тәртібі айқындалған.

Жұбайының банктік қарыз немесе микрокредит алуға келісімі қажет болатын тұтынушылық банктік қарыздың немесе тұтынушылық микрокредиттің ең төменгі мөлшері 1000 АЕК (2024 жылы 3 692 000 теңге) мөлшерінде белгіленген.

Кредитор, жеке тұлғаға кредит беру туралы шешім қабылдағаннан кейін азаматтық хал актілерінің ақпараттық жүйесі арқылы оның жұбайы туралы ақпаратты тексереді не кредиттік бюролардан АХАЖ АЖ-да бар ақпаратты алады.

Клиентке кредит беруге жұбайының келісімі клиенттің жұбайы туралы АХАЖ АЖ-да ақпарат болған кезде талап етіледі, ол жөнінде кредитор "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" немесе "Микроқаржылық қызмет туралы" заңдардың баптарына сілтемелерді міндетті түрде көрсете отырып, клиентке және оның жұбайына хабарлайды.

Келісім жазбаша еркін нысанда қағаз тасымалдағышта не электрондық нысанда ресімделеді және мынадай міндетті талаптарды қамтиды:

-Келісімнің ресімделген күні;

-клиент және оның жұбайы туралы мәліметтер: тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) және жеке сәйкестендіру нөмірі;

-кредит туралы мәліметтер: сомасы, мерзімі, сыйақы мөлшерлемесінің көлемі (жылдық пайызбен не белгіленген сомада), дұрыс, жылдық, тиімді, салыстырмалы есептеу арқылы сыйақы мөлшерлемесінің көлемі.

Қағаз тасымалдағышта ресімделетін келісімге клиенттің жұбайы немесе оның нотариалды куәландырылған сенімхат негізінде әрекет ететін сенім білдірілген адамы қол қояды.

Электрондық түрде ресімделетін келісім кредитордың қашықтан қызмет көрсету бағдарламалық қамтылымы не клиенттің жұбайын биометриялық идентификаттауды қамтамасыз ете отырып, "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы беріледі.

Кредитордың қашықтан қызмет көрсету бағдарламалық қамтылымын пайдаланған кезде клиенттің жұбайын биометриялық идентификаттау банкаралық ақша аударымдары жүйесінің операциялық орталығы арқылы немесе кредитордың құрылғылары арқылы алынған биометриялық деректерді пайдалана отырып жүзеге асырылады.

Электрондық түрде ресімделетін келісімді клиенттің жұбайы Қазақстан Республикасының аккредиттелген куәландырушы орталығы берген электрондық цифрлық қолтаңба арқылы осындай келісімді алған уақыттан бастап қырық сегіз сағат ішінде куәландырады.

Клиент банктік қарыз шартына немесе микрокредит беру туралы шартқа қол қойғанға дейін Келісім әрбір кредитке беріледі және клиент банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемелерді толығымен орындағанға дейін жарамды болып есептеледі.

Кредитор Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына және кредитордың ішкі құжаттарына сәйкес кредит бойынша Келісімнің сақталуын қамтамасыз етеді.

Егер ереже қабылданса, 2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап күшіне енеді.

Әзірлеушілер жобаны қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және (немесе) өзге де салдарға әкеп соқпайды, ережелердің ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге теріс әсерін тигізбейді, сондай-ақ мемлекеттік бюджеттен қаржы қаражатын бөлуді талап етпейді деп бекітеді.

Жоба 2024 жылғы 24 шілдеге дейін жария талқылау үшін "Ашық НҚА" порталында орналастырылған.