Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Ақтөбеде пәтер саудасы төмендеген

AstanaTV
27.02.2017ж. 20:00
2556
Ақтөбеде пәтер саудасы төмендеген

Ақтөбеде жылжымайтын мүліктің саудасы бәсеңдеген. Мамандар оның басты себебін тұрғындардың жаңа үй алуға ден қойғанымен түсіндіреді. Әрі облыс орталығында тұрғын-үй құрылысының қарқыны жоғары. Бұл жағдай баспана бағасына қалай әсер етуде? Жақсыбек Кемал баяндайды.

Бағдаттың қаланың ескі бөлігіндегі үйде тұрып жатқанына 10 жылға жуықтаған. Ауданнан көшіп келгенде қолында бар қаржысы тек осы екі бөлмелі үйді алуға жетіпті. Жаңа баспанаға көшкісі келгенімен, пәтері сұраған бағасына өтпей тұр.

Бағдат Алтайұлы, қала тұрғыны:

1 жылдай болды саудалағанымызға. Арзандатуға келмейді, біраз ремонт жасадық, біраз шығындалдық. Оны арзандатсақ, өзіміздің бағамызды шығара алмаймыз салған ақшамызды.

Бағдат секілді үйін өткізе алмай жүрген тұрғындар өте көп. Оны жылжымайтын мүлік агенттігінің мамандары да растап отыр. Тіпті, агенттік арқылы екі-үш жыл бұрын саудаға шығарылған пәтерлердің арасында әлі күнге жаңа иесін таппағандары бар. Бұл жағдай бағаның төмендеуіне себеп болды.

Сәния Ғұбайдуллина, жылжымайтын мүлік агенттігінің директоры:

Сұраныс аз, биыл үшінші жыл жұмыс істеп жатырмыз. Ашылған күннен бері сатылымға шығарылып, өтпей тұрған пәтерлер де бар. Себебі, бағалары тым жоғары. Адамдар түсіне бермейді, «доллармен мына бағамен алдым, теңгеге шаққанда ол былай болады» деген сияқты өз есептері бар. Жөндеу мен жиһаздың бағасын да шығарғысы келеді».

Облыстық Әділет департаментінің дерегі бойынша өткен жылы жылжымайтын мүлік сатылымына қатысты 15 мыңнан аса келісім жасалған. Оның біраз бөлігі жер учаскелеріне тиесілі. Тұрғындар қолданыстағы пәтерді сатып алғаннан гөрі жеке тұрғын үй салу мен мемлекеттік бағдарламалар арқылы жаңа баспанаға қол жеткізуді қош көреді. Осындай жолмен өткен жылы екі мыңға жуық ақтөбелік пәтер алған. Қазір кезекте 20 мыңнан аса адам тұр.

Жанаргүл Дүйсекенова, қалалық тұрғын үй қорын есепке алу секторының меңгерушісі:

Кезекте тұрғандар осы бағдарлама бойынша арыз береді. Яғни бұл Ақтөбедегі ең арзан баға. Егер жеке меншіктегі бағалар төмендесе де, кезекке тұрған адамдар мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға арыз беріп жатыр.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Осыдан бір жарым жыл бұрын бір бөлмелі пәтерлердің құны орта есеппен 7 миллион теңге болса, қазір 2 бөлмелі үйді 5 жарым-6 миллионға табуға болады. Оның үстіне баспанаға сұраныс тіпті төмендеп кеткен. Ал, шаршы метрі үлкен, үш бөлмелі пәтерлер мүлде өтпей тұр дейді мамандар, олар баспана бағасының енді қалай құбылатынын дөп басып айта алмайды.

Жақсыбек КЕМАЛ