Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Премьер-министр электронды күнделікті енгізбей тұрып, халықпен ақылдасуды тапсырды

AstanaTV
28.02.2017ж. 20:00
2787
Премьер-министр электронды күнделікті енгізбей тұрып, халықпен ақылдасуды тапсырды

Электронды күнделік жүйесін енгізбей тұрып, халықпен ақылдасып алу керек. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Білім және ғылым министріне осындай тапсырма берді. Өйткені бұл жаңашылдыққа наразылық білдіріп жатқандар көп сыңайлы.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

Неге қызу талқыланып жатыр, яғни адамдардың көңілінен шықпайтын тұстары болып тұр ғой. Оқушылар да, ата-аналар мен ұстаздар да разы емес, ал біз анық-қанығын білмей отырмыз. Сондықтан осының барлығы қоғаммен талқылану керек. «e-learning» жүйесі сияқты болмасын, технология жылдам дамып жатыр, біз үнемі 30 миллиардтан бөліп, сосын технология ауысып кетті деп, отыра алмаймыз.

Ал министр электронды күнделіктің оқушылардың үлгерімін онлайн бақылауға мүмкіндік береріне сенімді. Яғни ата-аналар баласының алған бағаларын, сабақ кестесі мен үлгерімін интернет арқылы қарап отырмақ. Ал электронды журналдар арқылы мұғалім сыныптағы жағдайды онлайн бақылай алады. Қазір пилоттық электронды күнделік жүйесін 174 мың мұғалім мен бір жарым млн-ға жуық оқушы қолданып отыр.

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

Біз әрбір оқушының бағасын, үй тапсырмасы мен мұғалімнің сабақ жоспарын көріп отырамыз. Оны министрлік, әкімдіктер, облыстық білім беру басқармасы мен ата-аналар көріп отырады. Бірыңғай ақпараттық жүйе арқылы балалар контингентін көріп,  орын жетіспеушілігін болжай аламыз және мектептер құрылысының картасын да көріп отырамыз.