Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

«Алматы Тауэрстегі» алапат өртке қатысты істі сот қайта тергеуге жіберді

AstanaTV
28.02.2017ж. 20:00
2295
«Алматы Тауэрстегі» алапат өртке қатысты істі сот қайта тергеуге жіберді

6 адам ажал құшқан «Алматы Тауэрстегі» алапат өртке қатысты істі сот қайта тергеуге жіберді. Бүгін бұл іс бойынша алдын-ала сот тыңдалымы өткен. Айыпталушы Дәурен Тұяқовты қорғаушылар тергеу абақтысынан үй қамаққа ауыстыруды сұрады. Бірақ сот бұл өтінішті қанағаттандырған жоқ. Ал, жәбірленуші тараптың  іспен алдын-ала таныспағаны белгілі болды. Түрлі себептермен бірнеше мәрте үзілген сот процесі туралы тілшіміз баяндайды.

Айгүл Ермахан, тілші:

«Алматы тауэрс» орталығындағы алапат өртке кінәлі ретінде күдікке ілінген «Батут» орталығының  директоры Дәурен Тұяқов өткен жылдың қарашасында тұтқындалған болатын. Тергеу мәліметіне сүйенсек, ол, апат болған жағдайда шығуға мүмкіндік беретін есікті құлыптап кеткен деп, айыпталды.

Бүгін сот залында алты адамның өліміне кінәлі деп танылып, айыпкер орындығына отырды. Іс Қылмыстық кодекстің 292 бабы 3 бөлімі, яғни  "өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу және оның салдарынан адам өліміне соқтыру" дерегі бойынша қозғалған. Бұл бап бес жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастырады. Судья Роман Селицкий алғашқы сот тыңдалымын бірнеше мәрте тоқтатуға мәжбүр болды.

Ерлан Бекболов, жәбірленуші тараптың адвокаты:

Құрметті сот, жәбірленуші тарап іспен алдын-ала танысқан жоқ, оның үстіне басым бөлігі қазақ тілінде сөйлейді. Сот орыс тілінде өтіп жатқандықтан, аудармашы сұраймыз.

Аудармашы келген соң сот отырысы қайта жалғасты. Дәурен Тұяқовты екі қорғаушы ақтауға кіріскен. Адвокат Джохар Өтебеков пен Әлімжан Оралбаевтың  айтуынша, тергеу жұмыстары дұрыс жүргізілмеген. Сондықтан олар соттан істі қайта тергеуге жіберуін сұрады. Бұл істе тек бір ғана адам кінәлі болуы мүмкін емес. Алапат өртке бірнеше адамның қатысы бар деді.

Джохар Өтебеков, Д. Тұяқовтың адвокаты:

Өртке кінәлілер аз болмауы керек деп ойлаймын. Алайда бүкіл жауапкершілік менің қорғалушыма түсіп отыр. Батут жақтағы есік тек бекітпемен жабылған. Ол жақта құнды заттар болмаған. Оны ешкім алып кетпейтіні түсінікті. Ал есіктің артқы жағында басқа ғаламтор кеңсесі болған. Әрине, олар есікті кілттеп кетеді.

Еске салайық, 2016 жылдың 6 қарашасында  «Алматы Тауэрс» бизнес орталығында ірі өрт шығып, 6 адам қаза тапқан болатын. Оның бірі дәнекерлеуші болса, қалғаны жалданып жұмыс істеген студенттер еді.

Айгүл Ермахан, тілші: 

Өрімдей ұлдарынан айрылып, етегі жасқа толған аналар, бүгін осы іске кінәлі барлық тарап анықталып, тиісті жазасын алса, дейді. Барлығы әділ соттан үмітті. Ал, сот істі қайта тергеуге жіберді.