Алматының іргесіндегі "Айғаным"
шағын ауданының тұрғындары жылдың төрт мезгілінде де тізеден балшық кешіп
жүруге мәжбүр. Жаяу адам тұрмақ, көлікпен жүргендердің де қатынауы тым қиын.
Ауыз судың өзін 10 жыл күткен елді мекенде мектеп те, емхана да атымен жоқ.
Бүтін бір шағын аудан халқының қиын тіршілігін әріптесім Айгүл Ермахан көзімен
көріп келді.
10 жылдан бері тегіс жолға
жарымай келе жатқан ақсақалдың жан-айқайы - бұл. Талғар ауданы «Қайнар» ауылдық
округіне тиесілі «Айғаным» шағын ауданы 2007 жылы халық игілігіне берілген. Қар
ерісімен, тұрғындар белуардан батпаққа батып балалар сабаққа әрең жететін
болды.
Данияр Манатов, «Айғаным» шағын
ауданының тұрғыны:
Аяғым лай болып келгенде
апайымыз ұрсады. Суық суға апай жуғыздырады. Сосын ауырамыз, сосын сабақтан
қаламыз. Автобус тоқтап, бір күн келеді, бір күн келмейді.
Бауыржан Бекқожаев, «Айғаным»
шағын ауданының тұрғыны:
Бірінші кезекте жолды жасап
берсе. Көп көшелерді өзіміз төседік. Былтыр келді де, су жүргіземіз деп қазды да, одан әрі балшық езді де, тастап кетті. Жылда қайталанатын осы проблема. Әкімдердің қозғалатын түрі жоқ.
Олар не үшін Үкіметтен жалақы алып отыр? Не үшін жұмыс істемей отыр? Одноразовый әкім. Барсаң кабинетіне, қабылдамайды.
Емхана, мектеп, көгілдір отын
проблемасы да бар мұнда. Бүтін бір шағын аудан тіршілік нәріне жарымай келеді.
Ауыз суды жыл сайын күтетін халық ақыры одан күдер үзіп, есік алдынан құдық
қазған. Бірақ суы ішуге жарамсыз дейді.
Жеңіс Беркімбаев, «Айғаным» шағын
ауданының тұрғыны:
800 үй бар ауылда. Әрқайсымыз
жерден қазып су шығарып алғанбыз. Алды 30 метр арты 13 метр. Содан азаматтар жиналып 7 үйден сынама
жіберді. Сынаманың алтауы ішуге келмейді. Біреу айтады туалетный, енді біреуі тяжелый метал деді. Ауырып сырқасаң, келеді скорый 2-3 сағатта. Мен сияқты шалдар оғанға шейін өліп те қалады.
Ауылдықтардың жанайқайына
қатысты мәселемен әкімдікке бардық. Ондағылар облыс бюджетіне телміріп отырғанын жеткізді.
Жандос Ясинов, Талғар ауданы
«Қайнар» ауылдық округінің әкімі:
Жоспар бойынша 2014 жылы басталған. Су құбыры жалпы
«Айғаным», «Ай-Абылай» сосын Еркін ауылы бірге кіреді. Ол жерде жаңа су
құбырын тартып жатыр. Биылғы жылы жоспар бойынша аяқталады. Ақша солай қарастырылған.
Поэтапно бөлінген. Биылғы жылы 130 млн қалды. Су, құдайым бұйырса, қалай орталық көшелерді
жауып аяқтайды, содан кейін жолын жасауды
бастаймыз.
Айгүл Ермахан, тілші:
Бұл «Айғаным» шағын ауданындағы
орталық көше. Сыйқы өздеріңіз көріп тұрғандай. Қарапайым халықтың қалтасынан жиналған қаржыға төселген
тас-құмдар лайдың астына сіңіп кетіп жатыр. Сондықтан жергілікті билік тездетіп
қаражат мәселесін шешкенше, ауыл тұрғындары мынадай целлофан қалтамен күнелтуге мәжбүр.
Айгүл ЕРМАХАН