$480.55 €533.75 ₽5.36
×

Майқайың кенішінде соңғы құтқарушының денесі табылды

AstanaTV
25.07.2024ж. 18:27
167
Майқайың кенішінде соңғы құтқарушының денесі табылды

Құтқарушының денесі жоғары көтеріліп, сараптама жүргізу үшін жедел тергеу тобына берілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімі Асайын Байханов Іnstagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында Айып Тілеубергеновтің туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

– Марқұмға иман байлығын берсін. Бүгін сағат 16.20-да «Майқайың-алтын» АҚ тау-кен ауданындағы опырылған жерде іздестіру жұмыстарын жүргізу кезінде соңғы құтқарушы – жүргізуші Айып Тілеубергеновтің денесі табылды. Қайғылы оқиғадан кейін жеті ай уақыт өтті. Осы уақыт ішінде қаза болған жандардың туыстары сияқты біз де жоғалған құтқарушыларды табамыз деген үмітте болдық, – деді аймақ басшысы. 

Облыс әкімі жоғалған адамдарды табу үшін күндіз-түні жұмыс істеген барлық жанға алғыс айтты. 

– Іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде сағат 16:05-те экскаватордың көмегімен топырақты шығару кезінде 75 метр тереңдікте жүргізушінің денесі табылып, сараптамаға жіберілді. Жұмыстарға әртүрлі қызметтердің 200-ден астам қызметкері тартылды. 180 мың тоннадан астам тау массасы шығарылды. Бұл шағын экскаваторға автобустың орналасқан жеріне түсіп, жұмысты бастауға мүмкіндік берді, – деді Павлодар облысы ТЖД бастығының орынбасары Олег Трещев