Негізгі / Жаңалықтар / Астананы газдандыру бойынша ТЭН сараптамадан өтіп жатыр

Астананы газдандыру бойынша ТЭН сараптамадан өтіп жатыр

Екібастұз ГРЭС-і 2 электр станциясының 50 пайыздық акциясын Ресейден сатып алуы ықтимал инвесторлармен келіссөздер жүріп жатыр. Оған отандық инвесторлар да қызығушылық білдірген. Бұл туралы «Астана» арнасына берген эксклюзивті сұхбатында энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлімдеді. Үкіметте баспасөз мәслихатын өткізген бас энергетик көптеген мәселелерді қамтып өтті. Айгүл Әдепбай әңгімелейді.

Министрдің айтуынша, Қазақстан ОПЕК-тің алдындағы келісімін қаңтар айында артығымен орындады. Мұнай өндірісі тәулігіне 30 мың баррельден аса қысқарды. Ақпан айында да осы қарқыннан танбадық деген министрдің қолында тиісті сандар болмады. Есесіне Қанат Бозымбаев бензиннің бағасына тоқтала кетті.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

2019-да біз жалпы, Ресейдің бағаларына қарамай, өз нарығымызда сатамыз. Бірақ та біздің шекарамыз ашық, бізде арзан болса бағалар, ертең біздің бензиніміз Ресейге кетуі мүмкін. 

Өзіміздегі мұнай өңдеу зауыттары жаңғыртылып толық қуатта іске қосылмайынша, Ресейдің жанармайына тәуелділіктен арыла алмаймыз. Осылай деген Қанат Бозымбаев отандық 3 зауыт жаңғыртылған күнде де біздің бензин Ресей отынынан арзан болмайтынын ұқтырды.  Министр көптен айтылмай кеткен Астананы газдандыруға қатысты мәселені де қозғап өтті.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

Техникалық-экономикалық негіздеме Қазтрансгазбен дайындалған. Жаңа бағыт, газ құбырын осы жерге Астанаға тарту. Құбырдың басы Қызылорда облысында басталады, сосын Жезқазғанға қарай, сосын Жезқазғаннан Қарағандыға қарай, Қарағандыдан Астанаға қарай және соңғы маршрут - Көкшетау. Қазір ол мемлекеттік сараптамада жатыр.

Журналистер министрдің бір сұраққа жауапты екі тілде беруін сұраса да, сауалдар ұзын сонар болса да, Қанат Бозымбаев ешбірін елеусіз қалдырмады. Арасында қалжыңға да ерік берді.

Уфф, ағылшынша да бере саламын. Вы сформулируйте ясно вопрос свой.

Қанат Бозымбаев «Астана» арнасының жеке қойған сұрағына эксклюзивті жауабын да берді. «Ресейлік Интер РАО энергетикалық компаниясы Екібастұз ГРЕС-2 станциясының 50 пайыз акциясын сататынын ескертті», - деді. Және оны қазақстандық инвесторлардың сатып алуы әбден мүмкін екенін айтты. Бұған бюджет ақшасы жұмсалмайды, деді.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

Арабтармен бірігіп ойластырып жатыр бір мәселені өзіміздің отандық инвестор. Басқа инвестор олигархтармен бірігіп, ол сол мәселені талқылап жатыр. Енді олар сатып алса, жаман болмайтын шығар. Мен білемін, тиісті келіссөздер бар тиісті инвесторлармен. 

Журналистер министрді баспасөз мәслихаты біткесін де дәлізде босатпады. Дегенмен шаруасы бастан асатын энергетика министрі әйелдер қауымын да ұмытпады. Алда келе жатқан көктем мерекесімен құттықтады.

Айгүл Әдепбай, тілші:

Осылайша, өзге министрлер секілді тілші көрсе қаша жөнелмейтін энергетика министрі Қанат Бозымбаев журналистер қауымын бір разы қылып тастады.

Айгүл ӘДЕПБАЙ