Спорт Қазақстан
$448.56 €478.03 ₽4.79
×

Тұрғындарды көшіру бағдарламасы арқылы тек кәсіби мамандар ғана қоныс аударады

AstanaTV
02.03.2017ж. 20:00
3278
Тұрғындарды көшіру бағдарламасы арқылы тек кәсіби мамандар ғана қоныс аударады

Енді тұрғындарды көшіру бағдарламасы арқылы тек кәсіби мамандар ғана қоныс аудара алады. Үкімет осылайша аймақтарда маман тапшылығы мәселесін жоймақ. Мәселен, Шығыстағы Риддер қаласының өзі 200-ден астам жоғары білімді азаматқа мұқтаж. Жергілікті шенеуніктер проблеманы шешу үшін өзге өңірлерде еңбек жәрмеңкелерін ұйымдастырмақ. Республикалық бюджеттен көшіру бағдарламасына биыл 85 миллиард теңге бөлінбек.

Солтүстікке қоныс аударуға ниеттілердің бірі - шымкенттік Дүкен Жақсыбай. Алпыстан асқан азамат өмір бойы мұғалім болып еңбек еткен. Мал шаруашылығын қоса дамытып жүрген ол қазақтың асыл тұқымды ақ бас сиырын көбейтіп отыр. Теріскейге бағыт алған  көшке еруге бел буған отағасы Қызылжардың шұрайлы топырағында бидай егуді қолға алмақшы.

Дүкен Жақсыбай, Шымкент қаласының тұрғыны:

Мал азығын дайындайтын багаралық жер ала алмадым біздің өзіміздің ОҚО-нан. Ал енді ол жақта жер көп солтүстікте. Міне сол солтүстіктегі жерді пайдаланып, ол жақта бидай өндірсек, мал азығын дайындасақ, осы жаққа жеткізіп жатсақ, бұл жақтан ол жақа, ол жақтан бұл жақа байланысып жұмыс жасасақ деген - негізгі мақсатымыз сол.

Солтүстіктегі жауапты мекеме өкілдері көшкелі отырған адамдарға тұрғын үй іздеп, әуре. Биыл Қызылжар өңіріне 100-ден астам отбасы қоныс аудармақ. Көшуге кеткен шығынды өтеу үшін мемлекет әрбір жанұя мүшесіне шамамен 70 мың теңгеден бөледі. Қазір өңірде мыңға жуық маман жетіспейді. Сондықтан теріскейліктер енді тек кәсіби мамандарды ғана іздестірмек.

Алма Махметова, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы:

Жаңа бағдарламаға сәйкес, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Маңғыстау облыстарынан жоғары білімді мамандарды ғана қабылдаймыз. Мұғалімдер, дәрігерлер, мал дәрігерлері мен агрономдар тапшы. Облысқа өзге аймақ тұрғындарын көшіру мен баспанасын субсидиялауға 161 миллион теңге бөлінген.

Шығыстағы Риддер қаласына тұрғындарды көшіру пилоттық жоба ретінде алғаш рет жүзеге асқан. Моноқалаға қоныс аударған 90 отбасының барлығы жаңа баспанаға жайғасып, жұмыспен қамтылса, балалар мектеп пен балабақшаға орналастырылды. Дегенмен, маман тапшылығы жойылған жоқ. Әлі де 240-қа жуық еңбеккер қажет.

Дәурен Дүйсембаев, Риддер қаласы әкімінің орынбасары:

40-там астамы білім саласы бойынша, 36 - дәрігерлер, соның ішінде 16-сы біздің Риддер қаласында дәрігерлердің жоқтығы білінеді. Сондықтан ол кісілер келген жағдайда, біздің қаламызда 3 жаспен 6 жастың аралығында балабақшаларда кезек жоқ. Біз кішкентай балаларды 1,5 жастан бастап ала аламыз.

Абзал Құрманкин, тілші:

Көшіру бағдарламасында баспана мәселесі де қайта қарастырылған. Бұдан былай Риддердегідей қоныс аударған азаматтарға арналып, тұрғын үйлер тұрғызылмайды. Енді оларға пәтер ұсынылып, жал құнын үкімет 1 жылға дейін өзі өтейді. Кейін бұл адамдар жеке баспанаға ие болу үшін түрлі бағдарламаларға қатысуға құқылы. Алайда, билік тарапының кейбір мамандарға ерекше ұсыныстары бар. Олар бағалы қызметкерлерге қолданыстағы баспаналарды сатып алуға дайын.

А.ҚҰРМАНКИН