Париждегі жазғы Олимпиада ойындары басталғалы 6 күн өтті. Әзірге қоржында 1 алтын, 2 қола медаль бар. Төрткіл дүние көз тіккен бәсекеде отандастарымызға Қазақстандық жанкүйерлер ғана емес, шетелдік спорт сүйер қауым да қолдау білдіруде.
Олимпиада жанкүйерлерінің арасында әлем жұлдыздары да бар. Мәселен үстел теннисінен сынға түскен жерлесіміз Кирилл Герасименконың ойынын әйгілі футболшы Зинедин Зидан тамашалаған. Өкінішке қарай сол ойында Кирилл жарыс жолынан шықты.
Жарыс жолында жеңіліске ұшырап, тіпті ерте аяқтағандар аз емес. Әсіресе, жүлдені көптеп алады деген былғары қолғап шеберлері үмітті ақтамай жатыр. Бірінін соң бірі жанкүйерлерден кешірім сұрауда.
БАҚЫТ СӘРСЕКБАЕВ, БОКСШЫ, ОЛИМПИАДА ЧЕМПИОНЫ:
Жігіттердің физикасы өте нашар! Екінші раундта демалыстары қиындап, әрең жүр рингте. Ударлары аз. Неге біздің боксерлар демі жетіспей жүр? Үш раунд аяқта тұра алмайды. Не істеп жүрсіңдер шұбырып бәрің? Бірінші бойдан өте алмады деген не сұмдық?
Спорт сарапшысы Асқар Хамиденов Бақыт Сәрсекбаевтің пікірін орынды деп есептейді. Десе де жүлдеге таласатын өзге спортшыларға сенім артып, ал спортшылар өз кезегінде жауапкершілікті сезінуі керек дейді.
Асқар ХАМИДЕНОВ, СПОРТ САРАПШЫСЫ:
Спортшыларды Қазақстанда қолдауындай-ақ қолдап жатыр ашығын айтқан кезде. Мемлекет тарапынан өте үлкен қаржылық жалпы оқу-жаттығу жиындары болсын, әртүрлі сыйақылар болсын, қолдау болып жатқан кезде олар да мемлекет алдындағы жауапкершіліктерін сезініп, осындай жарысқа өте тыңғылықты дайындалып баруы тиіс.
22 спортшымыз жарысты аяқтады. Қазір Қазақстан қатысушы 203 елдің ішінде медаль саны бойынша 17-ші орында тұр. Олимпиада ойындары 11 тамызда аяқталады, демек жүлдеден әлі де үміт бар.