Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Тұсқағаздың жыртылмағанын қалайды. Салық төлеуді қаламайды...

AstanaTV
04.03.2017ж. 20:00
2055
Тұсқағаздың жыртылмағанын қалайды. Салық төлеуді қаламайды...


Баспанасын жалға беретіндер бөпесі бар үй жалдаушыларды жақтырмайды. Алайда олар салық төлеуді де «ұнатпайды». Яғни жаратқаннан да, заңнан қорықпайды ғой? Мысалы, прокурорлардың айтуынша, Астанада  289 мың пәтер тіркелген. Оның 9300-і немесе 4 пайызы ғана жариялы түрде беріледі. Қосымша табыс табатынын тиісті мекемеге хабарлап, салық төлейтіндер 4-ақ пайыз деген сөз. Иә, пәтерлердің барлығы жалға берілмейді. Бірақ тұрғын-үй қорының 10 пайызына дейін жалға беріледі, дейді мамандар. Еліміздің ең үлкен қаласы – Алматының әкімдігінен де есеп сұрағанбыз. «Ондай есеп жоқ»,- дейді. Қызық, тіркеу міндеті енгізілгесін де санап бастамаған ба? Әлде көлеңкедегі ақшаны шығаруға құлық жоқ па? Әлде салықтың көбейгені маңызды емес пе?

Мәселеге Дәуренбек Бақдәулет үңіліп көрді.

Астана қаласы әкімдігі мен қадағалаушы органдар шаһарда баспананы жалға беретіндердің не бары 4 пайызы заңды тіркелгенін анықтаған. Миллионға жуық тұрғындардың басым көбі пәтерді жалдап тұратындарын ескерсек, қазынаға миллиондаған теңге салық түсуі тиіс. Бірақ ол түсімдер тек көлеңкелі айналымда.

Мақсат Әйтімбетов, Астана қаласы, Сарыарқа аудандық прокуратурасының аға прокуроры:

Көлеңкелі айналымда 400 млн теңге. Мәселенің басқа да жағы, заңсыз берілетін пәтер қылмыскерлер үшін де өте ыңғайлы алаң. Астанада басқа жақтан келіп, жеке біреудің құжаттарымен баспана жалдап қылмыс жасау дерегі өте көп. Олардың тұратын пәтерін ешкім есепке алмайды.

Алайда, пәтерді алып-сату мен жалдауда көмекші, баспананың бабын білетін мамандар бұл ақпарат шындықтан алшақтау деген пікірде. Пәтерін жариялы түрде беретіндердің саны әлдеқайда көптеу деп отыр.

Ерғазы Мұсатаев, «Ветрина недвижимости» агенттігінің сату бөлімінің басшысы:

Негізінде біздің мемлекеттік органдардың өткізген тексерісі нәтижесіндегі 4 пайыз деген көрсеткіш өте төмен. Себебі біз қозғалмайтын мүлік саласында қызмет көрсетушілер ретінде әр клиентке заңдық талаптарды ұстануға кеңес береміз. Олардың да басым көбі соны қалайды. Айыпталғанан гөрі салығын төлеген жеңіл. Сондықтан жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, заңды ұстанатындар баршылық. Бұл қалайда 4 пайыздан жоғары.

Тексеріс  мемлекеттік орган мамандарының тұрғындардан көршілерінде үй жалдап тұратындары бар ма, жоқ па, соны сұрап білу арқылы жүзеге асады.

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Қазір сағат шамамен 21:30 ел орынға қонған уақыт. Алайда полиция қызметкерлері мен салық басқармасының мамандарының жұмысы енді басталып жатқан сыңайлы, олар енді әр табалдырықты тоздырып, әр есікті қағып, кімнің пәтерін заңды жалға беріп жатқанын, ал кімнің заңсыз беріп жатқанын анықтайтын болады. Осы рейд барысындағы күндегі жұмыс осы.

Елордадағы қауіпсіздік және жайлылық жобасын жүзеге асыру мақсатында жасалып жатқан рейд барысында ешкімге айыппұл салынбайтынын айта кеткен жөн. Алдымен тек ескерту беріледі.

 -Кто? С полиции...Управление госдоходов совместно с МПС проводим ОПМ участок, для информационно-разяснительных работ. В целях выевления квартиросдачиков.

Бұл пәтерде тұратын адам мен қожайын арасында ауызша келісім жасалғанымен, заңды келісімшарт жоқ екені анықталды. Сондықтан үй қожайыны дереу шақыртылған. Салық мамандары оған әкімшілік жауапкершілік туралы айтып, ескертті.

Александр, пәтер қожайыны:

Осыған дейін шынымды айтсам мен білмептім. Бірғана пәтерді жалға бергендіктен, салық туралы ойлаған да жоқпын. Міне салық мамандары түсіндірді. Енді ертеңнен қалмай барып, бәрін заңдастырамын. 

Енді аталған кәсіп түрінің нге жабайы тұрпаты басым екеніне тоқталсақ. Біріншіден, риэлторлардың айтуынша, ипотекаға баспана алып, оның ай сайынғы төлемін сол пәтерін жалға беру арқылы төлеп, өздері басқа қалада тұрып жатқандар бар. Мұндайлардың бір басында бір ғана пәтері болады,- дейді олар. Екіншіден, пәтерді жалға беретіндердің ішінде бай-қуатты, шенді-шекпенді, ақ жағалылар көп екен, олардың бір басында бірнеше пәтері бар. Бірақ олар заң қатаң болса да, орындамауға болатынын біледі. Себебі тексеріс келіп жатса, бір ғана қоңырау шалу арқылы келгендерді кері қайтаратын күш-қуат бар, оларда. Мұны мамандар біледі, тіпті ащы мысқылмен күледі. Әлбетте камераға айта алмайды.

Ерғазы Мұсатаев – «Ветрина недвижимости» агенттігінің сату бөлімінің басшысы:

Бұл сұраққа жауап бере алмаймын. Себебі клиент пен біздің арамыздағы келісімге сай олардың қайда,  қандай жұмыс жасайтыны құпия болып қалуы керек.

Бас қалада пәтер жалдау өте өтімді бизнес түрі екенін айттық. Басқа қалалардағыдай емес, мұнда жалдаушыны шекесінен шертіп тұрып таңдауға болады. Студент пе қызметкер ме, жас отбасы ма, жалғыз басты ма, еркекке ме, әйелге ме - барлық категорияға сұраныс бар. Тек еліміздің барлық өңіріндегі баспана жалға беретіндердегі  бір ұқасақтық - бөпесі бар адамдарды жақтырмайды. Құлаққа түрпідей тигенімен ақиқаты осы. "Бала болмағаны абзал" деген хабарландырулар өріп жүр. Бір ғана дәлел:

Алло, саламатсыз ба?! Мен сіз жалға беретін пәтер жайлы білсем деп едім, қай жақта орналасқан?

-Онкологиялық ауырухана жақта.

-Менің екі балам бар, еді бізге жалға бере аласыз ба?

-Шынымды айтсам сіздерге  бере алмаймын.

Осылай шарқ ұрып, баспанадан баспанаға көшіп жүрген, көшпелі қазақтың бірі шымкенттік - Әділхан. Жасы -29-да. Осыдан 2,5 жыл бұрын шаңырақ көтерген Әділхан мен Мөлдірдің 1,5 жасар ұлының  есімі - Айтбек.

Әділхан Абайұлы, пәтер жалдаушы:

Пәтер жалдаушылардың бірінші сұрайтыны кішкентай балаларың бар ма дейді? Егер бар десең ат тонын ала қашады. Оларды толғандыратын сенің обасылық өмірің емес, түс қағаз. Обойларының жыртылмағанын қалайды, ысылмағанын қалайды. Менің түсінбейтінім сонда бұлардың кеуделерінде қандай жүрек соғып тұр деймін да, яғни өз бала-шағасы жоқ па, әлде қу тізесін құшақтап отырған біреу ме...

Қаланың сыртқы ауданындағы екі бөлмелі шағын ғана баспанаға қаңтар айында қоныс аударыпты. Қазіргі баспанаының қожайындары сәтін салғанда қарапайым, қатаң талабы жоқ жандар екен деп шүкіршілік етіп отыр. Жуырда екінші перзенті өмірге келеді.Құтты қоныс болды деп ырымдап қояды. 

-Өз басың бесінші пәтер ауыстырып отырсың иә?

-Бесінші пәтер ауыстырып отырмын.

-Неше есік қақтың бірақ?

-Ал қанша есік қаққаным есімде жоқ.\күледі\...

-Басым бөлігі баласы бардан бас тартады ма? 

-Бәрі деп айта алмаймын.дегенмен баласы бардан бас тартады. Өзге ұлттар бар, оның ішінде ауыр тиетіні өзіміздің қазекеңдер де бар.

Баласы бардан қашу - сараңдық пен шуласа, көршілер шағымданады деген үрейдің қосындысы. Егер пәтерін жалға беретінін рәсімдемесе, олар үшін тіпті "бәле".

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Астана билігі көлеңкелі айналымдағы 400 млн теңгеден салық түсіруді, жалпы қалада кімдердің тіркеліп, кімдер тұратынын білуді көздеп отыр. Алайда, салық төлеуді ұнатпайтын, баласы бар пәтер жалдаушыны да жақтырмайтын кірпияз қожайындарды заңға бағындыру жақын арада жүзеге аспайтын сияқты. Қалаларға ағылған халықтың еселеп өсе беретінін ескерсек, олар би, олар қожа.