Бүгін Қазақстан-Өзбекстан Сарапшылар кеңесінің жұмысы басталды. Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының сарапшылары мен шетелдік әріптестер Астанада бас қосты. Шара Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің Қазақстанға сапары және Орталық Азия мемлекеттері басшыларының 6-шы Консультативтік кездесуі қарсаңында ұйымдастырылды. Жиын барысында екі елдің сарапшылары екіжақты ынтымақтастық пен аймақтық интеграцияның өзекті мәселелерін талқылады.
Бауыржан ӘУКЕН, ҚСЗИ АЗИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР БӨЛІМІНІҢ АҒА САРАПШЫСЫ:
Бұл кездесудің нәтижесінде екі елдің жетекші сарапшылары, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері мемлекет басшыларына сәйкесінше ұсыныстар жасайды. Практикалық тұрғыдан алғанда бүгінгі кездесудің маңызы өте зор. Энергетика саласында, көлік – логистика саласында, экология, қоршаған орта бағыттарындағы Қазақстан мен Өзбекстанға ортақ су мәселесі талқыланбақ.
Сарапшылар, сондай-ақ шекаралық бақылау рәсімдерін жеңілдету арқылы трансшекаралық ынтымақтастықты дамыту мүмкіндігін алға тартты. Мемлекеттер арасындағы сауда-саттық көлемі күн санап артып келеді. Бүгінде 4 млрд доллардан асты. Бұл, мәселен, 2017 жылмен салыстырғанда 2 есе көп. Биыл осы көрсеткішті 5 млрд долларға жеткізу жоспарланып отыр.
Акромжон НЕМАТОВ, СӨЗИ ДИРЕКТОРЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
Қазақстан мен Өзбекстан президенттері 2022 жылдың желтоқсанында одақтастық қатынастар туралы келісімге қол қойды. Бүгінгі басқосудың мақсаты - одақтастық қатынастарымыздың болашағын айқындап, одан әрі нығайту. Екі елдің экономикасы бірін-бірі толықтырып отыр. Бүгінде өзара сауда-саттық көлемін арттыру бойынша бағдарламаны іске асыру жұмыстары жүріп жатыр.