$471.04 €538.54 ₽6.17
×

Денсаулық сақтау министрлігі Балаларға арналған даму және ерте араласу орталықтарының желісін кеңейтуде

Денсаулық сақтау министрлігі Балаларға арналған даму және ерте араласу орталықтарының желісін кеңейтуде
gov.kz

Негізгі басым бағыттардың бірі – профилактикалық көмекті дамыту және балалардың дамуындағы бұзылыстарды ерте анықтау. Қазақстанда баланы туған сәтінен бастап ерте жасына дейін кешенді сүйемелдеуге бағытталған «Алғашқы 1001 күн» жобасы іске асырылуда. Жоба патронаж қызметін дамытуды, скринингтік бағдарламаларды кеңейтуді, ана сүтімен қоректендіруді қолдауды және ерте шақтағы балалардың ұлттық тіркелімін қалыптастыруды қамтиды, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігі.

2025 жылдан бастап елімізде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) GMCD балалардың дамуын мониторингілеу жөніндегі нұсқаулығы енгізілуде. Бұл құрал балалардағы даму кідірісінің қауіптерін клиникалық белгілері пайда болғанға дейін анықтауға мүмкіндік береді.

Соңғы бір жылдың ішінде Қазақстанда медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) ұйымдарының базасында жұмыс істейтін, балалардың дамуындағы бұзылыстарды ерте диагностикалауға және оларды кешенді сүйемелдеуге бағытталған 386-дан астам даму және ерте араласу орталығы құрылды.

Орталықтарда балалармен дәрігерлер, логопедтер, психологтер, реабилитологтер және басқа да мамандардан құралған мультидисциплинарлық командалар жұмыс істейді.

Сонымен қатар ата-аналарға да жан-жақты қолдау көрсетіледі: оларды бала күтімі дағдыларына үйретеді, баланың дамуына қатысты консультация береді және медициналық көмек көрсетудің барлық кезеңінде сүйемелдейді.

Ерте араласу балалар мүгедектігінің қаупін төмендетуге, баланың өмір сүру сапасын жақсартуға, оның табысты дамуы мен қоғамға бейімделуіне қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Көмек неғұрлым ерте басталса, баланың өз әлеуетін толық ашуына соғұрлым мүмкіндік жоғары болады.