$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Баласын аяусыз ұрып-соққан павлодарлық әйел ата-ана құқығын қайтарып алмақ ниетте

AstanaTV
06.03.2017ж. 20:00
2675
Баласын аяусыз ұрып-соққан павлодарлық әйел ата-ана құқығын қайтарып алмақ ниетте

Баласын аяусыз ұрып-соққан павлодарлық әйел аналық құқын қайтарып алмақшы. Қамқоршылық органының ақпаратынша, алты айға дейін қызымен еркін кездесуге шектеу жазасын алған Нұргүл Доқуова тиісті құжаттарды жинауға кірісіп кеткен. Ал ішкі істер департаменті өкілдері тараптар бітімге келіп, әйелге қатысты қылмыстық іс тоқтатылғанын хабарлады. Әсемгүл Мұхитқызы толығырақ.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Туған қызын аяусыз төмпештеп, көпшіліктің қаһарына ілінген Нұргүл Докуова аналық құқығын қайтарып алуға тырысып жатыр. Мұны Қамқоршылық органының өкілдері мәлімдеді. Енді 34 жастағы әйел желтоқсанда шыққан соттың алты айға дейін баласымен емін-еркін кездесуіне шектеу қою жазасын алып тастау үшін қайта шағым түсірмек.  

Орынбасар Темірболатова, Павлодар қалалық білім бөлімінің сектор меңгерушісі:

Қазіргі уақытта Нұргүл оған жақсы жағынан мінездеме беретін құжаттарды жинауға кіріскен. Тиісті қағаздарды жинап болғаннан кейін ол сәуірде ата-ана құқығын қалыпқа келтіру бойынша сотқа шағым түсірмек. Баланың әкесіне келер болсақ, оның тарабынан қарсылықты байқамадық. Қалай болса да, бұл істің нүктесін тек сот қоятыны анық. 

Бұл оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 140-шы бабы, яғни балаға қатыгездік көрсету дерегі бойынша іс қозғалған еді. Оның санкциясы 300 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұл немесе 75 тәулікке дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Белгілі болғандай, қылмыстық іс тараптардың өзара ымыраға келуіне байланысты тоқтатылған.

Баян Мағзұмова, Павлодар облыстық ІІД баспасөз хатшысы:

Сотқа дейінгі тергеу барысында екі жақтың татуласуына байланысты ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық іс қысқартылды. Өйткені Докуованың азаматтық жолдасы полицияға арыз түсірді, татуластық деп.

Үш жарым жасар Айлинді ұрып-соғу сәті түсірілген бейнежазба өткен жылдың қазанында ғаламторға жүктелді. Сұмдық таспаны анасы әдейі түсіріп, балғынның әкесі мен ата-әжесіне жіберген. Полицейлер әйелді бірден анықтады. Нұргүл Докуова бұл әрекетін «ауыр эмоциялық қысымнан» жасадым деп, көпшіліктен кешірім де сұрады.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Қорғаушылық органы тиісті тексеруден кейін бүлдіршінді әкесінің қамқорына беріп, Нұргүл Докуованы аналық құқығынан айыруды сұрап, сотқа арызданған. Сот тараптарды тыңдай келе Айлинді әкесі Ермұрат Қасымовпен қалдырды. Ал анасы қызымен белгіленген уақытта ғана жүздескен. Қазіргі уақытта бүлдіршін әкесі мен әжесінің қолында. Қамқоршылық органы өкілдерінің айтуынша, жағдайы жақсы, балабақшаға барып жүр. Ал бала анасына қайтарыла ма, жоқ па, ол маусым айында өтетін сотта белгілі болмақ. 

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ