Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / Оңтүстік Қазақстан облысында тағы бір сәби көшеден табылды

Оңтүстік Қазақстан облысында тағы бір сәби көшеден табылды

Оңтүстік Қазақстан облысында тастанды сәбиге қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалды. Бұл араға бір жеті салып қайталанып отырған жаға ұстатарлық екінші оқиға. Ішкі істер қызметінің өкілдері қазір Сайрам ауданы Ақбұлақ ауылынан табылған нәрестенің анасын іздестіріп жатыр. Айы күні жетіп жарық дүние есігін ашқан шарананың халі нешік? Әріптесім Айзада Төребекқызы жағдайды баяндайды.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Сайрам ауданы Ақбұлақ ауылын аяғынан тік тұрғызған хабар сенбі күні түс ауа тарады. Ауыл мектебіне жақын маңда қытайдың ала сөмкесіне салынған сәбиді алғаш ауыл балалары байқаған. Бастапқыда сөмкедегі күшік пе деп те ойлап қалыпты кейбірі. Жедел назар аударған үлкендер шұғыл жедел жәрдем мен полицияны шақыртыпты. 

Күләйша Файзуллаева, Ақбұлақ ауылының тұрғыны:

Бардық, көрдік. Ала сумкаға салып қойған баланы. Барлық несімен жатыр ғой шаранасымен, ескі тряпкаға орап тастаған, бала кіндігімен, аяқтарының әрі жаурап қапты, уқалап, матада, соған босандырған-ау әсті. 

Айы күні жетіп туылған қыз баланың ауруханаға жеткізілгендегі жағдайы өте ауыр болды,- дейді дәрігерлер. Өйткені денесі қатты тоңып қалған. Мамандардың болжауынша, нәресте табылғаннан 2-3 сағат бұрын ғана туылған.

Нұрсұлу Кенжебекова, Сайрам аудандық  орталық ауруханасы бөлімше меңгерушісі:

Қазіргі жағдайы орташа ауырлықта деп есептейміз. Баланың есі анық. Емдік шараларды жағдайы қажет етпейді. Өздігінен еміп жатыр. Нәресте мерзіміне жеткен. Салмағы-3088 грамм. Бойы 52 см. Қазір біз оған сүт беріп жатырмыз. Өзі еміп жатыр.

Қазір полицейлер көкек ананы іздестіруге кірісті.

Салтанат Қаракөзова, ОҚО ІІД ресми өкілі:

Осы жәйтке байланысты Сайрам АІІБ да ҚР ҚК 119 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр және де полиция қызметкерлерімен жан-жақты күдікті азаматша іздеуге жарияланған. Жалғыз сол Ақбұлақ ауылында емес, жан-жақты көрші ауылдарда да іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Айта кетейік, бұл Оңтүстік Қазақстан облысында соңғы он тәулікте қайталанып отырған екінші оқиға. 25-ақпан күні таңғы мезгілде Шымкенттегі жеке медициналық клиниканың бірінің жанында жаңа туған нәресте табылған болатын. Қазір Жұлдыз Сақтаған деп дәрігерлер есімін қойған бөбектің жағдайы бірқалыпты, - дейді мамандар.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Өкінішке орай, бауыр еті баласын көшеге тастау фактісі азаймай тұр. Бір оңтүстіктің өзінде өткен жылы үш бірдей сәби табылған. 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ