Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Апатты үй тұрғындарын шенеуніктер апатты жатақханаға көшірмек болды

AstanaTV
07.03.2017ж. 20:00
2876
Апатты үй тұрғындарын шенеуніктер апатты жатақханаға көшірмек болды

Қызылордадағы оралмандарға арналған бейімделу орталығы апатты деп танылған. Сондықтан жергілікті билік оны босатуды сұрап отыр. Ал 7 отбасы басқа үйге көшуге қарсы. Керісінше, ол үй апатты деп отыр. Шарипа Сақтапова тараптарды тыңдап, мәселе қашан шешілетінін біліп келді.

Осындай алақандай жерді оралман ағайын 20 жылдай пана етіп отыр. Өркениеттен жұрдай болғанымен, әзірге басқа барар жерлері жоқ. Мемлекеттік бағдарламамен салынып жатқан үйге кезекке тұрған. Түркіменстаннан көшіп келген көп балалы Әлжанбаевтар отбасының кезегі 161-ші. Сондықтан басқа үйге көшкісі жоқ.

Нұргүл Әлжанбаева, көп балалы ана:

Алты балам осы жақын жерден мектепке барады, алтыншысы детсадқа барады. Біздерді қазір бала-шағамызбен Титов қыстағына құлайын деп тұрған үйге көшіңдер деп, сондай бізге бұйрық келіп отыр. Үйдің кезегі жақын болғандықтан, бала-шағамызбен осында тұрсақ деп отырмыз.

Қалған алты отбасының да өтініші осы. Коммуналды қызмет ақысын уақытылы төлеп отырғандарын алға тартқан олар миграциялық қызметтің мамандары мен полиция қызметкерлерін күн салмай келетініне алаңдаулы. Жергілікті билік оралман отбасыларына уақытша тұруға жатақхана ұсынған. Тұрғындар ол жер қаңғыбастар мен маскүнемдердің ордасы деп отыр.

Үрляйым Назарова, оралман, ІІІ топ мүгедегі:


Көгерген, иіс деген адамнын мұрнын жарып бара жатыр. Мен адам тұратын үй деп есептемеймін мынаны. Егер де бұл жер аварийный болмаса, елу адамды бұның ішінен шығарып, неге үй берді оларға? Ия, елу отбасын шығарып. Бульдозер шығарса, итеріп тастаса, сол итерген жерінде отыра береміз. Ешқандай бұл жерге көшіп келмейміз. 

Ал, әкімдік өкілдері жатақхана ескі болғанымен, адам өміріне қауіпсіз екенін айтады. Ол комиссияның шешімімен тұруға болады деп табылған.

Біржан Далабаев, қалалық ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары:

2015 жылы апатты деп танылғанымен,  2015 аталған үйдің шатырына қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, яғни шатырындағы жабындылар қайтадан жабылған болатын. Одан бөлек аталған үйдің іргетасына, яғни фундаменті дейміз ғой, нығайту жұмыстары жүргізілген. Енді бүгінгі таңда бұл үйден уақытша тұруға  пәтерлер ұсынылып отыр.

Бұл мәселеге "Нұр Отан" партиясының облыстық филиалы өкілдері бей-жай қарамады. Олар тараптарды жинап, екі жақтың уақытша мәмілеге келулеріне септігін тигізді.

Мақсұт Баекеев, "Нұр Отан" партиясы Қызылорда облыстық филиалының қоғамдық қабылдау меңгерушісі:

Еңбек және әлеуметтік бағдарламалар департаментінің бірінші шілдеден бастап барлық мүліктері мемлекеттік мүлік басқармасына өтуіне байланысты, олар бірінші шілдеден бастап өкілеттерін тоқтататынын ескерткен болатын. Бұл кісілердің бірінші шілдеге дейін мүмкіншіліктері бар деп келістік соңғысында. Кейінгі жағдайы біздің басты назарымызда болып, әрі қарай тұрғын үймен қамтамасыз етілуіне мүмкіндігінше ықпалдар жасалады.

Смат Сейдахметов, еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің облыстық департамент заңгері:

Бұл кісілерге біз хабарлама тараттық, босату жөнінде. Республикалық бюджетке қарасты мекемелердің автокөліктерің, ғимараттарын бір мекеме бері жатыр. Ол мүлік департаменті бар ғой, мүлікке жауап беретін. Сол мекемеге әрі қарай аударылады.

Яғни қандастарымыз өз үйлеріңде бірінші шілдеге дейін тұрады. Ал одан әрі олардың тағдырын  "Нұр Отан" партиясы назарға алуға уәде етті.

Шарипа САҚТАПОВА