Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Теректі ықшам ауданы Алматы қаласына енгелі көшеде жарық өшкен

AstanaTV
07.03.2017ж. 20:00
6460
Теректі ықшам ауданы Алматы қаласына енгелі көшеде жарық өшкен

Облыс қарамағынан шығып, Алматы қаласына қарағалы Теректі ықшам ауданының тұрғындары қараңғы қапаста қалған. Тұрғындар 4 жылдан бері көшеде жарық жоқ екенін айтады. Сондықтан халық кешкілік далаға шығудан қалған. Мектептен кеш шығатын балалар үшін де алаңдайды. Көшелерінде желілері бар аудан неге жарыққа зар болып отыр? Айгүл Ермахан мән-жайды білді.

Теректіктер ұялы телефонның жарығынсыз көшеде жүруден қалған. Ал, қытайдың қол шамдары мұнда шыдас бермей күйіп кетеді. Жолда ерсілі-қарсылы ағылған көліктер қараңғыда адамды таптап кетуге әзір. Элмира Құлымбетова кеш қарайса, мектепке асығады. Өйткені үш баласының қауіпсіздігіне алаңдайды.

Эльмира Құлымбетова, Теректі  ықшам ауданының  тұрғыны:

Теректіде тұрып жатқаныма бір 5 жылдай болды. Жарық жоқ. Үйіміздің жанының бәрі қараңғы. Мектептің алдында ғана жарық бар. Ал, көшелерде жоқ. Келеміз, мен не болмаса әкесі. Әйтпесе балаға жүру мүмкін емес. Қараңғы. Жол тар. Мәселе қарастырылып жатыр дейді. Бірақ нәтиже жоқ ешқандай.

Гүлбану Шыңғысова, Теректі  ықшам ауданының тұрғыны:

Машина қағып кетеді. Қорқасың ғой. Освещение жоқ. Қараңғы. Ұрлап кетіп жатыр қазір неше түрлі жағдай болып жатыр.

Теректі бұрын Алматы облысына қараған. Осыдан 4 жыл бұрын қалаға қосылды. Сол уақытта теректіктер өркениетке жақындадық деп бөркін аспанға лақтырған еді. Қуанышымыз  көпке бармады дейді олар.

Айтуларынша, орталық көшелерде орнатылған бағаналар бұрын жарқырап жанатын. Ықшам аудан халқының мәселесімен Алатау әкімдігіне бардық. Ондағылар қала бюджетіне телміріп отырғанын жеткізді.

Ерғали Махамбетов, Алматы қаласы Алатау аудандық әкімшілігінің көріктендіру бөлімінің басшысы:

Жалпы өзіміздің аудан бойынша 169 көшеге жобалау сметалық құжаттама жасалды. Соның ішінде, 2015 жылы Айгерімдегі 5 көше жарық құрылыс жұмыстарын жүргізді. Егер де қаржы мәселесі ары қарай шешілетін болса, әрине, қалған 164 көше қалып тұр. Соларға да біз жұмыс жүргіземіз. Қосылған аумақтар бойынша «Алғабас», «Теректі» ықшам аудандары бойынша да қазір жұмыс жасап жатырмыз.

Айгүл Ермахан, тілші:

Тұрғындар айтқан орталық көшелердегі бағаналар шынымен жанбайды. Өйткені «Теректі» облыстан қалаға қосылған тұста бағаналар толық көлемде қала мүлкіне берілмеген. Алатау ауданының әкімдігі көшелерді жарықтандыру үшін жобалау сметалық құжаттаманы дайындауға кірістік деп отыр. Айтпақшы, мұнда зуылдап өтетін көліктердің жылдамдығын шектейтін жол белгілері де санаулы.

Айгүл ЕРМАХАН