Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Ақтөбенің қақ ортасындағы 5 қабатты үй тұрғындары шатырды жөндеп беруді өтініп отыр

AstanaTV
29.03.2016ж. 20:00
1807
Ақтөбенің қақ ортасындағы 5 қабатты үй тұрғындары шатырды жөндеп беруді өтініп отыр

Ақтөбенің қақ ортасында орналасқан бес қабатты үй саңырауқұлақтар мекеніне айналды. Жаңбыр жауса, ескі шатырдан су сорғалайды. Тұрғындар 5 жылдан бері көрген күніміз осы дейді. Ал әкімдік терможаңғырту бағдарламасын ұсынып отыр. Сырты бүтін, іші түтін үйдің тұрғындарын тілшіміз Мансұр Есқожин тыңдап қайтты.

Әбілхайыр хан даңғылының бойындағы нөмірі 83-ші үй тұрғындары ауа райы болжамын күнде бақылайды. Себебі сәл ғана жауын баспаналарын көлге айналдыруға бар. Сарқыраған су тіпті екінші қабатқа да жететін көрінеді.

Алмагүл Ермекбаева:

Су барлық төбеден ағып тұр. Міне, біздің үйде 10 подъезд бар. Олардың барлығының 5-ші және 4-ші қабаттарында су ағып тұр. Кейбір подъездерде тіпті 2-ші қабатқа жетті.

Бұл үй осыдан 37 жыл бұрын салынған. Содан бері шатыры күрделі жөндеу көрмеген. Ал судың сорғалап тұрғанына 5 жылдан асқан. Ылғалдан қабырғаларға саңырауқұлақ шығып, подъездері шалшық суға толып тұр. Электр желісі де қауіп төндіреді.

Валентин Люкин:

Міне, көріп тұрғандарыңдай, үйімді саңырауқұлақ жайлап кетті. Қабырғаларымыз құлап қалады ма деп қорқамыз. Кірпіштері құласа, қаланың дәл ортасындағы үй опырылып түседі. Ешқандай шара қолданылмай жатыр.

Тұрғындар көмек сұрап, тоздырмаған табалдырықтары қалмағанын айтты. Бірақ бір де бір жауапты мекемеден қайран жоқ дейді. Ал, жергілікті пәтер иелері кооперативі болса, есік алды мен ішкі байланыс желілерінен өзгесіне қатысымыз жоқ, дейді.

Алтынгүл Қазмағамбетова, Ақтөбе қаласы «Құрылысшы-2» ПИК төрайымы:

Үйдің шатыры мен подъезіне жөндеу жұмыстарын жүргізуге тұрғындар өздері қаражат жинау керек. Біз оған жауапты емеспіз.

Осыдан 3 жыл бұрын төбеден кірпіш құлап, төтенше жағдай мамандары апат көлеміне баға берген. Сол кезде бір подъездің шатырын жаңартуға қаражат бөлініпті. Ал, толықтай жаңартуға жергілікті билік шарасызбыз деп отыр.

Жұлдызбек Бисембин, Ақтөбе қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің жетекшісі:

Бұл енді төбе дейтін жаңағы «общедолевая собственность» дейді. Жаңағы өздерінің жеке меншіктері. Сондықтан өздері мақсатты жинап ақшалай, өздері жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Болмаса, терможаңғырту арқылы жөндеуге болады. Мына енді біздің мемлекет тарапынан пайызсыз, кепілсіз ақша беруге дайын. Егер сол келісімдерін берсе, солай жөндеуге болады. 

Мансұр Есқожин, тілші:

Осыдан 3 жыл бұрын жергілікті кәсіпкерлердің көмегімен қасбеті сырланған бұл үй «сырты бүтін, іші түтіннің» киіпін киіп тұр. Билік өкілдері болса, терможаңғырту бағдарламасын ұсынады. Тұрғындар келісімін беріп, жөндеу жұмыстарына кіріскенше, біраз уақыт өтеді. Ал оған дейін пәтер иелерінің шелектеп су тасығаннан басқа амалдары құрып тұр. 

Мансұр ЕСҚОЖИН