$498.34 €519.72 ₽4.85
×

2017 жылдың алғашқы 3 айында денсаулық саласында 16 жемқорлық фактісі тіркелген

AstanaTV
28.03.2017ж. 20:00
2592
2017 жылдың алғашқы 3 айында денсаулық саласында 16 жемқорлық фактісі тіркелген

Жемқорлық дерті әсіресе денсаулық сақтау саласында дендеп тұр. Былтыр 80 лауазым иесіне қатысты 200 жемқорлық қылмысы тіркелген. 22 адам тиісті жазаға тартылды. Көбінесе, бұл көп эпизодты қылмыстық істер. Халықтың бірінші байлығына жауапты салада неліктен мұндай ахуал орнады? Шараның басы-қасында болған әріптесім Айбек Қосан баяндайды.

Айналдырған 2 айдың ішінде қазына қаржысын қалтасына басқысы келгендерге қатысты 16 факті тіркеліпті. Қолда барда қонышынан басып қалайық дегендердің дені Павлодар, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы және Астана қаласының шенділері.

Жыл сайын денсаулық сақтау саласына қыруар қаржы бөлінеді, бірақ бұдан не қайыр? - дейді жемқорлықпен күрес агенттігінің басшылары.  

Алик Шпекбаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және СЖҚІҚ агенттігі төрағасының орынбасары:

Соңғы он жылда саланың қаржыландырылуы бес есеге артқан. 2005 жылы 191 млрд теңге болса 2016 жылы 1 трлн теңгеге дейін өсті. Алайда, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының халықаралық рейтингіне жүгінсек, Қазақстан 145 елдің ішінде 111-орында тұр. Бұндай жағдайдың бірден бір себебі - жемқорлық.

Павлодар тұрғыны Динара Күзекова, соңғы 11 жылда тегін емделіп көрмеппін,-дейді. Жүктілігіне байланысты тұрғылықты мекенжайы бойынша мемлекеттік емханадан жолдама алмақ болған. "Терапевт дәрігер таппадым, мамандар ары-бері жұмсап есімді шығарды. Мұндай қызметтің қажеті шамалы",- дейді болашақ ана.

Динара Күзекова, Павлодар қаласының тұрғыны:

Терапевттен направление алу үшін кезекте жарты сағат отырдым. Егер мен ақша төлесем, маған бәрін сол уақытта жасап берер еді. Әйтпесе ақша болмаса, таныс арқылы. Менің терапевтім болған жоқ. Мені басқа кабинетке жіберді. Онан тағы басқа кабинетке жіберді.

Аймақтардағы денсаулық сақтау басқармалары басшыларының уәжі көңіл көншітерлік емес. Алматы облыстық басқармасы тарапынан өткен жылы мемлекет бюджетіне 42 млн теңге түспеген. 

Ғалым Байтұқ, Қазақстан блогерлері альянсының жетекшісі:

Президент қанша рет айтты? Дұрыс жұмыс істей алмасаң, орныңды босат! Егер істей алмай, парамен ұсталып жатса, сотталсын! - деп. Қаншама қателік жіберілген! Бұл сіз басшылық етіп отырған кезде жасалып отыр ғой. Олқылықтармен келісемін дейсіз? Келіссеңіз, орныңызды босатыңыз! 

Кадр мәселесінің дұрыс шешілмеуі неліктен деген орынды сауал да туындады. Қайта құрылғанымыз кеше ғана деп уәж айтқан министрлік өкілі тағайындау жұмыстарына тікелей араласа алмайтынын айтады.

Болат Төкежанов, ҚР Денсаулық сақтау министрлігініӊ жауапты хатшысы:

Өңірлердегі денсаулық сақтау басқарламары жергілікті атқару органдарының шешіміне бағынышты. Біздің тағайындауларға араласуға құқығымыз жоқ. Бірақ, денсаулық кодексінде министрлікпен келісіп шешу керек делінген. Қайта тексере келе, кей облыстар мұны жасамаған болып шықты.

Жиын барысында атышулы «СК Фармацияның» да аты аталды. ҰҚП басқарма төрағасының орынбасары, компанияның жұмысы кәсіпкерлердің дамуына тұсау, біз отандық өндірушілерді қолдау жайында не үшін сөз қозғаймыз, деді. 

Рустам Жүнісов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары:

Еске алайықшы, «СК Фармация» малайзиялық тәжірибеге сүйене отырып құрылды емес пе? Негізгі алдына қойылған талаптардың бірі - бюджет қаражатын үнемдеу. Қайдағы үнем? 2010 жылы 31,3 млрд теңге, 2016 жылы - 115 млрд теңге. Біз есептедік. Баға арттырулары 9 пайызды құрайды. Талдау барысында анықталғандай,  «СК Фармацияның» монополиялық табысы 26,7 млрд теңгеге тең. Салынған айыппұл көлемі 1,3 млрд теңге. 

Жемқорлықтың негізгі ошақтарының бірі - оқу орындары. Нұрлан Ерімбетов осы бағытта білім беретін ошақтардың саны тым көп екенін айтып, қажет болса қысқарту керек деген пікір білдірді. Себебі сан бар жерде сапа болады деген тұжырымның барлық жерге үйлесе қоюы екіталай.

Нұрлан Ерімбетов, «Қазақстанның азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті:

Адамдар дипломды, одан қалды кандидат атағын сатып алып жатыр. Ең  қорқыныштысы осы емес пе? Солар ертең біздің халықты емдейді. Сондықтан медициналық білім ошақтарындағы жемқорлық та маңызды мәселе! 

Айбек Қосан,  тілші:

Жиын соңында белгілі болғандай, енді бұл тақырып 6 айдан кейін қайта қозғалмақ. Сөз естіген өңірлік басқармалар, уақыт беріңдер, бәрін жөндейміз деп, ант-су ішті. Жарты жылдан соң болатын басқосуда айтылған талаптар мен түзетулер орындала ма? Уақыт көрсетеді.

Айбек ҚОСАН