Спорт Қазақстан
$448.56 €478.03 ₽4.79
×

Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облыстарында тасқынға қарсы шаралар күшейтілді

AstanaTV
11.03.2016ж. 20:00
1741
Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облыстарында тасқынға қарсы шаралар күшейтілді

Павлодар өңірінде тасқынға қарсы іс-шаралар қарқын алды. Төтенше жағдай мамандары, наурыздың 20-нан кейін тасқын болуы мүмкін деп отыр.Қарағанды облысымен шекаралас елді-мекендер ерекше бақылауға алынған. Бөгеттер бекітіліп, су шайып кету қаупі төнген бірнеше көпір оқшауланған. Өңірдің Қазгидромет қызметі өкілдерінің ақпаратына сенсек, биылғы қардың мөлшері өткен жылғыдан аз. Десе де, қалыпты нормадан жоғары. Ал, Солтүстік Қазақстандық құтқарушылар тасқынның алдын алу мақсатында, саяжайларды аралап шықты. Бұл - Баянауыл ауданының Сәтбаев ауылдық округі маңындағы  көрініс. Табиғаттың көктемгі тосын мінезіне төтеп беру үшін, мұндағылар сақтық шараларына көшкен. Қиыршық тастар төгіліп, бөгеттер мықтап бекітілуде.

Ғалым Әмиев, Сәтбаев ауылының әкімі:

Биыл қар былтырғыға қарағанда, аз түсті. Бірақ, бұған қарамастан бөгеттерді бекіту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Әсіресе, Қарағанды бағытындағы тосқауылдарға ерекше мән берілді. Өйткені, көрші аймақтағы қар мөлшері тиісті нормадан жоғары. Демек, қауіп сол жақтан келуі мүмкін.

Сақтық шараларына атқарушы билік өкілдері мен құтқарушылар жұмылдырылған. Ірі кәсіпорындар алдын алу жұмыстарына қолғабыс етіп,тиісті техникамен қамтамасыз етуге міндетті. Дегенмен, төтенше жағдай мамандары бұл науқанға жергілікті халықты тарту қажет деп отыр.  Ауыл арасын, үйлердің маңын тазартып, ағын суға тосқауыл қоюда тұрғындардың көмегі зор. 

Әлібек Длимов, Павлодар облыстық ТЖД басшысы:

Алдын алу шарасына облыстық азаматтық қорғаныс қызметінің күшін қосымша жұмылдырдық. Өйткені, Баянауыл  тасқын қаупі жоғары аудан болып табылады. Сондай-ақ, тағы 20 техника мен барлық күш құрылымдарын тарту жоспарланған. 

Ал, Солтүстік Қазақстан облысында тасқынның алдын-алу мақсатында арнайы рейд ұйымдастырылды. Құтқарушылар Есіл өзеніндегі балықшыларға ерекше үндеу тастады.Оларды су жануарларын аулауды уақытша доғаруға шақырып отыр. Сондай-ақ, олар өзен жағасында орналасқан саяжайларды аралап шықты.

Сергей Черкасов, Солтүстік Қазақстан облысы ТЖД құтқару бөлімшесінің жетекшісі:

Адамдар кейде біздің ескертуімізді елемейді. Малын ойлаған жұрт топан су басқанша үйлерінде отырады. Былтыр осылай болған. Саяжайда тұрғындар соңына дейін отырып, тасқын болған кезде оларды иыққа салып тасуға тура келді. Сондықтан тасқынға қарсы  дайындықты қазірден бастау керек.

Өңірдегі сүңгуірлер күн сайын су астындағы жаттығуларды өткізуде.Ал құтқарушылар техникаларын жарақтап жатыр. Судан құтқару бөлімінде 5 арнайы техника мен 10 моторлы қайық бар. Төтенше жағдай мамандары, тасқын наурыздың 20-нан кейін орын алуы мүмкін деп болжап отыр. Сол үшін алдағы бірер күнде бөгеттерді бекіту жұмыстарын толықтай аяқтауды міндетіне алған. «Сақтықта қорлық жоқ», демекші бұл жерде тұрғындардың да әзірлігі маңызды. Сондықтан құтқарушылар бұқараны қырағы болуға шақырады.

 Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ