$478.93 €534.96 ₽5.16
×

Коммуналдық қызметтер тарифі қалай өзгермек

AstanaTV
05.09.2024ж. 12:23
169
Коммуналдық қызметтер тарифі қалай өзгермек

Биыл еліміздегі коммуналдық қызметтер тарифінің болжамды өсімі өңірлерге және реттелетін қызметтер түріне байланысты 10-20 пайызды құрамақ. Бұл жайында Kazinform агенттігі хабарлады. 

Бүкіл елдегі коммуналдық желінің тозығы жетіп тұрғанына ешкім де шәк келтіре алмайды. Ал инфрақұрылымды қалыпқа келтіру үшін бірнеше жыл мен жүздеген млрд теңге қаражаттың қажет екендігі де сөзсіз. Өткен жылы республикада «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы іске қосылған болатын. Бағдарламаға сәйкес, 2029 жылға дейін 61,9 мың шақырым инженерлік желіне жаңғыртуға шамамен 3 трлн теңге инвестиция тарту көзделіп отыр. Жоспар нақты жүзеге асқан жағдайда коммуналдық инфрақұрылымның тозуын 20 пайызға төмендетіп, нормативтік жағдайға дейін жеткізуге мүмкіндік туар еді.

Комитет те бүкіл еліміздегі тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық инфрақұрылымының қазіргі жай-күйі отандастарымызды жылумен, электр энергиясымен, сумен және өркениеттің өзге де игіліктерімен үздіксіз қамтамасыз ету үшін жаңғыртуды талап ететіндігін жасырмайды. Мұнан бөлек, саладан білік мамандардың кетіп жатқаны байқалады. Олар жалақысы әлде қайда жоғары өзге салаға ауысуға мәжбүр. Ведомство дәл осы проблеманы өзге де мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жүзеге асыратын жоғарыда аталған бағдарлама есебінен шешуге үміт артады.

«Жүктелген міндеттерді орындау үшін комитет табиғи монополиялар саласындағы заңнамаға тиісті өзгертулер енгізді. Соның негізінде 2023 жылдың өзінде 5,8 мың шақырым инженерлік желіні жөндеуге 267 млрд теңге инвестиция тарттық. Бұл шаралар желілердің тозуын орташа алғанда 3,2 пайызға төмендетуге мүмкіндік берді. Тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық саласындағы жұмысшылардың айлық жалақысы орташа есеппен алғанда 135 мың теңгеден 200-300 мың теңгеге дейін артты. Тұтынушылар мен кәсіпорындардың мүдде теңгерімін қамтамасыз ету есебінен өткен жылдың қорытындысында коммуналдық қызметтер тарифінің өзгеруі орташа есеппен 15-30 пайыз болды. Бұл ретте халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған тобы тарифтердің өзгеруінен тұрғын үй көмегі тетігі арқылы қорғалған. Яғни, әкімдіктер коммуналдық шығыстардың бір бөлігін өтейді», - деп атап өтеді комитеттен.

Биыл «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы арқылы 6,5 мың шақырым инженерлік желіне жаңғырту үшін 336 млрд теңге инвестиция тартуға үміт артылып отыр. Меже орындалса, онда желілердің тозуы тағы да 3 пайызға төмендер еді.