Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Атырауда 15 шақты үйдің тұрғындары өздерін көшіруді талап етуде

AstanaTV
31.03.2017ж. 20:00
3051
Атырауда 15 шақты үйдің тұрғындары өздерін көшіруді талап етуде

Атырау маңындағы Перетаска аулының тұрғындары өздерін көшіруді талап етуде. Олар мұның себебін мұнай өңдеу зауытына жақын орналасқандығымен түсіндіреді. Елді мекен халқының айтуынша, зауыттың кеңеюіне байланысты өзге жаққа көшірілетіні туралы әкімдік 2013 жылы хабарлама таратқан. Алайда 15 шақты үй бұл тізімге кірмепті. Енді  тұрғындар «улы иіске тұншығатын болдық»,- деп отыр. Зауыт басшылығы санитарлық қорғау аймағы комиссияның шешімімен анықталғанын айтуда.

Бұл ауылдың ең шеткі көшесі. Зауыттағы факелдердің қай уақытта қанша мезгіл газ жағатынын тұрғындар жатқа біледі. Әсіресе, желді күндері таңға жуық есік терезені тұмшаламасақ, күлімсі иіске тұншығамыз, - дейді  жұрт. Көшеміз деп буынып-түйініп отырған адамдардың көңілі қазір су сепкендей басылған.

Қағаз Қарабалиева:

2013-тен бастап көшіреміз,- деді. Ал «үй салайық»,- десек, үй салдырмайды,- көшесіңдер,- деп. Одан кейін 3 рет өлшеп кетті. Одан кейін мына жақтың адамдары көшіп жатыр, біздер қалып қойдық. Мына факел болса, күні-түні жанып тұрады. Біздер иісінен тұншығып жатырмыз. Балалар ауырады. Өзіміз екі күннің бірінде давлениеміз. 

Бағыт Мұхитова:

Он шақты үйді неге алып қалып тұр? Біз соған таң қалып тұрмыз. Мына үйлерге иіс келеді де, мына жақтағы үйлерге иіс келмей ме не зауыттың? Біз соған ренжиміз. Мына екі үй ортасында үй жоқ.  Көшіреді, мына жағын көшірмейді.

Зауыт басшылығының айтуынша, санитарлық қорғау аумағының көлемі  805 гектар.  Ароматикалық көмірсутектер шығару және мұнайды тереңдетіп өңдеу кешендері құрылысына қатысты кеңейтілген. Осыған орай санитарлық аумақта 144 жеке үй мен 3 қабатты үш жатақхана қалыпты. Оларды көшіру үшін 2 млрд 800 млн теңгеден астам қаржы бөлінді, қалған іспен қалалық әкімдік айналысады. Көшірілетіндер тізімінде бұл үйлер жоқ,- дейді зауыт өкілдері.

Марат Байғожин,  «АМӨЗ» ЖШС мемлекеттік органдармен жұмыс департаменті директорының орынбасары:

Арызданған 15 үй санитарлық аумақтың сыртында орналасқан. Сондықтан әкімдік те, зауыт та оларды көшіру немесе өтемақы беру жағын қарастырмайды. Санитарлық қорғау аумағы зиянды заттар шығаратын жерден мың метр қашықтықта белгіленген.

Қалалық әкімдіктің өкілдері санитарлық қорғау аумағын Ресейдің Омск мұнай-химия жобалау институтының мамандары белгілегенін айтады.  Әрі жоба мемлекеттік сараптамадан мақұлданған. Алайда жергілікті шенділердің халықты дүрбелеңге салып, не үшін хабарлама таратқаны беймәлім.

Қайрат Кенжәлиев, Атырау қалалық ТҮКШ жолаушылар тасымалы, автокөлік жолдары бөлімі басшысының орынбасары:

Жоба аталған жобалау институтымен 2010-2011 жылдары жасалды. Бірақ 2013 жылғы тұрғын үй шаруашылығы басшылығының хабарламасы туралы ештеңе айта алмаймын. Аталған үйлерде коммуникациялық желілер қалады.  Біз ештеңені қимаймыз.  Жарық та, су да, газ да қалады.

Базаргүл Нәдірқызы,  тілші:

Зауыттың кеңеюіне байланысты көшіру былтырдан басталған болатын. Жатақхана тұрғындары Нұрсая мөлтекауданындағы жаңа пәтерлерге қоныстанды. Ал жеке тұрғын учаскелер мен үйлерге өтемақы төлеу биыл 19 маусымына дейін аяқталуы керек. Зауыт пен әкімдік өкілдері шешімге келіспеген тұрғындарға құзырлы органдарға ғана шағымдануға кеңес беріп отыр. 

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ