Спорт Қазақстан
$444.14 €477.05 ₽4.85
×

Сенат депутаттары фонограммамен ән айтуға тиым салатын заң жобасын енгізуді ұсынды

AstanaTV
31.03.2017ж. 20:00
2641
Сенат депутаттары фонограммамен ән айтуға тиым салатын заң жобасын енгізуді ұсынды

Фонограммамен ән салуға тиым салатын заң жобасын енгізу керек. Сенаторлар осындай бастама көтерді. Палата қабырғасында «Қазақстанның мәдениетіне байланысты заңнамалық актілерді қайта қарау» туралы заң жобасы пысықталған еді.

Депутат Сәрсенбай Еңсегеновтің сөзінше, көптеген елдер мұндай өзгерісті әлдеқашан енгізіп, халық шын таланттардың өнеріне тәнті бола түскен. Халық ақшасын төлеп, концерттерге келгесін, сапалы әнді тыңдауға хақы бар, дейді ол.

Сәрсенбай Еңсегенов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Фонограмма оны мен магнитофон немесе дискісін сатып алып та тыңдай аламын, дейді тұрғындар, я болмаса мен өнер адамның бет-бейнесін көруге бармаймын, сонда мен неге шынайы өнерді көре алмаймын деген мәселе. Фонограммасыз өнер көрсету - ол өнер адамдарының шынайы кескін-келбетін де аша түсер еді. Кімнің қандай өнері бар екенін.

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

Әр концерт ұйымдастырушыға министрлік лицензия беруі керек. Бізде ол заңда жоқ. Біз лицензияға дүние жүзіндегідей көшпегенше, бұл шешілмейді. Қазір сізде кез келгені концерт ұйымдастырып шыға алады. Біз бәріміз шулаймыз, неге фонограммамен айтады деп. Егер лицензия болса, біз нақты айта аламыз, айналайындар, заңды бұздыңыз, лицензияңыз жойылады деп. Сонда ол ұйымдастыра алмайды.

Басқосуда көтерілген тағы бір мәселе - дүкен сөрелерінде қазақ әдебиеті мен балалар әдебиетінің тым аздығы. Есесіне, шет ел классиктерінің кітаптарын қазақшаға аударып, қыруар қаржы шашуға құштармыз, дейді жиналғандар. Мәдениет министрі мәселенің түйіні қаламақының аздығына келіп тіреледі деген пікірде. Ал, театр және кино тарландары  жаңа қойылымдардың жоқтығы мен театр мамандары жалақысының аздығын, ұсыныс-шағымдарының  ескерусіз қалатынын айтып шағымданды.