$494.87 €520.65 ₽4.91
×

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысушы спортшылар 7 спорт түрінен сынға түседі

AstanaTV
09.09.2024ж. 09:56
427
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысушы спортшылар 7 спорт түрінен сынға түседі

Бүгін, яғни 9 қыркүйек күні Астана қаласында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысушы спортшылар 7 спорт түрінен сынға түседі.

Нақтырақ айтсақ, көкпар, дәстүрлі садақ ату, аударыспақ, мас-рестлинг, асық ату, кураш және қазақ күресінен басеке басталады.

Көкпар

9 қыркүйек көкпардан 9 мемлекеттің спортшылары өзара мықтыны анықтайды. Бұл спорт түрінен барлығы 104 спортшы қатысады.

Көкпардан бақ сынайтын құрамалар: Қазақстан, АҚШ, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Венгрия, Қытай, Моңғолия және Түркия.

Жарыс «Қазанат» ипподромында өтеді. 

Дәстүрлі садақ ату 

Бүгін «Арғымақ» ат-спорт кешенінде дәстүрлі садақ атудан жарыс басталады. Бұл сында 33 мемлекеттен 183 спортшы бақ сынайды. Қазақстан құрамасы сапынан 10 спортшы қатысады. 

Жарыс үш түрлі нысана негізінде өткізіледі. 

Олар: 

Пута нысанасы 70/60 метр (9 оқтан 7 мүмкіндік);

Қалқан нысанасы 60/50 метр (7 оқтан 7 мүмкіндік);

Жамбы нысанасы 30 метр (5 оқтан 5 мүмкіндік) және командалық жарыс (30 метр).

Аударыспақ 

Аталған басеке ипподром маңындағы этноауылда өтеді. Аударыспақтан Көшпенділер ойындарына 9 мемлекеттен, 64 спортшы тіркелген. Олар: Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Түркия, Венгрия, Қытай, АҚШ және Ресей. 

Мас-рестлинг

Саха халқының ұлттық спорты мас-рестлингтен жарысқа 31 мемлекеттен 98 спортшы қатысады. Аталған спорт түріне Қазақстан ұлттық құрамасы атынан 8 спортшы сынға түседі. 

Олар – Темірлан Шамет, Асылмұрат Бірімжан, Владислав Герасимов, Бердіқұл Алтай, Еркебұлан Ерлан, Жансая Рахметуллаева, Тахмина Гожамбердиева және Ольга Душаева.

Мас-рестлинг спортынан бәсеке екі күн болады.

Қазақстан намысын Ермек Құралбай, Алмат Ләтіпбек, Дарын Өткелбай, Есімхан Рахматіллә, Сырым Ізбасаров және Біржан Қосалиев қорғайды.

Асық ату

Асық атудан сынға түсетін спортшылар да жеребе тартып, қарсыластарын анықтады. Олар «Алау» мұз айдыны сарайында бәсекеге түседі. Асық атудан 12 мемлекеттен келген 39 спортшы өзара мықтыны анықтайды. 

Асық атудан ел намысын 8 асық атушы қорғайды. Олар – Нуркисса Молжигитов, Жомарт Нурланов, Керім Жаздықбай, Амандос Айткұлов, Перизат Елемес, Камила Даниярова, Сания Әскер және Көгершін Думан. 

Финалдық ойындар 11 қыркүйекте өтеді.

Кураш 

«Алау» мұз айдыны сарайында өтетін курашқа 27 мемлекеттен 106 спортшы қатысады. Аталған спорт түрінен балуандар ерлер арасында бес салмақта, әйелдер арасында үш салмақ дәржесінде белдеседі. 

Ел намысын 8 спортшы қорғайды. Олар – Ернұр Сүлеймен, Айбек Қазақбаев, Нұрдін Шаймерден, Бекадил Шаймерденов, Марат Байкамуров, Алтынай Нұрханова, Ажар Салықова және Альбина Бахиева.

Қазақ күресі

Қазақ күресі Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді. Көшпенділер ойындарына қазақ күресінен 41 мемлекеттен 274 спортшы қатысады. Аталмыш спорт түрінен ерлер мен әйелдердің әрқайсы 8 салмақ дәрежесінде сынға түседі.