Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Экс-әкім Ахмедбек Ахметжановтың іздеудегі автокөліктері табылды

AstanaTV
05.04.2017ж. 20:00
3033
Экс-әкім Ахмедбек Ахметжановтың іздеудегі автокөліктері табылды

Қостанайдың экс-әкімінің іздеуде болған екі көлігі Астана мен Алматыдан табылды. Шаһардың бұрынғы басшысы Ахмедбек Ахметжановтың темір тұлпарлары мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті арқылы мемлекет меншігіне өтті. Ал атқамінердің Қостанайдағы қос тойханасы халыққа қызмет көрсету орталығы мен облыстық басқарма еншісіне тегін берілді. Әкімнің тәркіленген дүние-мүлкін Заңғар Санай түгендеп көрді.

Заңғар  Санай,  тілші:

Атышулы «Әкімдік ісі» бойынша 13 жылға сотталған Ахмедбек Ахметжановқа тиесілі дүние-мүлік түгел тәркіленген болатын. Алайда жемқорлыққа жол берген атқамінердің атындағы темір тұлпарларды қостанайлық сот орындаушылар таба алмай қалған еді. Сөйтсе, ізім-қайым болған BMW X6, Lexus RX 350 маркалы құны қымбат қос көлік Алматы мен Астанада тіркелген екен.

Айбек Ғалымжанов, Қостанай облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшысы:

Бұл автокөліктер бүгінгі таңда құрықталды және Алматы мен Астанадағы департамент мемлекет меншігіне айналдыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қаланың бұрынғы басшысына тиесілі қалған дүние-мүлік түгел мемлекет меншігіне өтті,- дейді өңірдегі мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшылығы. Әкімнің «Метрополь» мейманханасына «Зейнетақы тағайындау орталығы» орналаспақ. Ал, құны бір миллионнан астам АҚШ долларына бағаланған «Алтын саф» тойханасы алдағы уақытта кәсіпкерлерге қызмет көрсететін мемлекеттік мекемеге айналады.

Айбек Ғалымжанов, Қостанай облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшысы:


Жалпы құны 885 миллион теңге тұратын 2 мейрамхана мемлекет меншігіне өткізілді. Атап айтатын болсақ,  бұрынғы қала әкімінің отбасына тиесілі «Метрополь» мейрамханасы ақпарат және коммуникациялар министрлігінің балансына тегін берілді. «Алтын саф» мейрамханасы Қостанай облысы әкмідігінің кәсіпкерлік және инновациялық даму басқармасының балансына берілді.

Аукцион арқылы Ахметжановтың сауда үйі, айфондары мен айпадтары, көлік гаражы және оның сыбайластарына тиесілі 6 қымбат көлік сатылған. Нәтижесінде республикалық бюджетке 44 миллион теңге көлемінде қаражат түскен. Департамент мамандары «әкімдік ісі» бойынша бас-аяғы 1 миллиардқа жуық теңгенің дүние-мүлкін мемлекет меншігіне өткіздік деп отыр.

Заңғар САНАЙ