$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Санкт-Петербордағы теракт кезінде Максим Арышев ерлік танытқан ба?

AstanaTV
06.04.2017ж. 20:00
2992
Санкт-Петербордағы теракт кезінде Максим Арышев ерлік танытқан ба?

Санкт-Петербордағы лаңкестік оқиға кезінде алматылық Максим Арышев ерлік жасады деген ақпарат тарады. Яғни қазақстандық студент жарылғышты іске қосуға әрекеттенген жанкештіні өз денесімен жапқан болуы мүмкін.

Мұндай болжамды «Астана» арнасының тілшілеріне марқұмның ұстазы айтты. Максимнің анасынан естіген ақпарымен бөліскен ұстаздың сөзінше, қазақстандық студент вагонда лаңкеске жақын тұрған. Сондықтан аса қатты зардап шеккен және оның мәйіті ең соңғы болып табылды.

Наталья Лановенко, М.Арышевтың сынып жетекшісі:

Максимнің анасының айтуынша, жанкештінің әрекетін ұлы бірінші болып байқаған. Сол сәтте оның үстіне қарай бар салмағымен құлаған. Сөйтіп жарылыс күшін бәсеңдеткен. Әйтпесе адам шығыны одан да көп болуы мүмкін еді. Ол өзін осылайша құрбан етті дегенге сенімдіміз.

Ресейдегі Қазақстан елшілігі таратқан ақпар бойынша Максим Арышевтің мәйіті ертең Алматыға жеткізіледі. Ал марқұммен қоштасу Президент ісі басқармасына қарасты аурухананың салттық қызметтер көрсету бөлімінде өтеді. Ресей федералдық қауіпсіздік қызметінде ұзақ жылдар еңбек еткен Александр Гусак біздің арнаға берген сұқбатында террорлық әрекетке күдікті Ақборжан Жәлеловтің жалғыз бармағанын  болжап отыр.

Александр Гусак, РФ Қауіпсіздік қызметі террорға қарсы жасағының бұрынғы басшысы:

Меніңше, бұл қылмысты жасағандар бір емес, бірнеше адам. Ал Ресей күштік құрылымдары тек бір күдіктіні қамауға алды. Мен ол жерден тәркіленген айғақ заттарға зер салып қарадым. Детонатордың қалдықтарын тот басқан. Яғни ол жарылғыш бірнеше ай көлемінде жертөледе немесе гаражда сақталған. 

Басты күдіктінің сыбайластары бар болуы мүмкін екенін Ресейдің құқық қорғау органдары растады. Қазір олар туралы ақпараттар топтастырылып, іздеу шаралары жүріп жатыр. Бұл туралы Ресей Тергеу комитетінің ресми сайтында жазылған. Осы және өзге де ақпараттар туралы алдағы сенбіде «Біздің Уақыт» ақпараттық -сараптамалық бағдарламасында толығырақ айтылатын болады.