$494.87 €520.65 ₽4.91
×

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб Қарағанды облысына барды

AstanaTV
12.09.2024ж. 20:32
375
АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб Қарағанды облысына барды

Қарағанды қаласында Халықтық штабтың мүшелері өңірдің 700-ден астам тұрғыны қатысқан қоғамдық кездесу өткізді. Жиын барысында ҚР Мәжілісінің депутаты, Республикалық халықтық штабтың мүшесі Асхат Аймағамбетов штабтың жұмысы АЭС құрылысын қолдаудың қажеттілігін түсіндіруге бағытталғанын атап өтті.

Бүгін Қарағанды облысында АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың мүшелері экологтармен, зиялы қауым өкілдерімен, жас белсенділермен және еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізеді. Олар аймақ тұрғындарымен атом энергетикасының даму перспективаларын талқылап, АЭС салынған жағдайда қоғамда қандай өзгерістер болатыны туралы ашық әңгіме жүргізеді. 

Кездесу барысында Штаб мүшесі, ҚР Мәжілісінің депутаты, Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов өзінің Қарағанды қаласының тумасы екенін және қарағандылықтардың барлық бастамаларға белсене қатысып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған прогрессивті саясатты қолдайтынын атап өтті. Ол сондай-ақ референдум қарсаңында түсіндіру жұмыстарын жүргізу кезінде азаматтарға экологиялық қауымдастықтың сараптамалық пікірлерін жеткізудің маңызы зор екенін айтты. 

«Қарағанды облысы – Қазақстандағы көшбасшы орынға ие қуатты индустриялық орталық, ірі өнеркәсіптік өңір. Мемлекет тағдырына қатысты маңызды шешімдер халықтың қатысуымен және оның пікірін ескере отырып қабылданады. Бұл – Президентіміздің саясатының өзгермес қағидасы. Бұл біздің қоғамда жаңа саяси мәдениеттің қалыптасып жатқанын көрсетеді. Біз әрбір қадамды нақтылап, реформаларды кезең-кезеңімен жүзеге асырамыз. Басты мақсат – әрбір азамат, әрбір отбасы реформалардың игілігін сезінуі. Референдум – әр азаматтың өз елінің болашағына қатысты шешім қабылдауға қатысу мүмкіндігі. Энергетика дамымай, ел экономикасының дамуы мүмкін емес. Бұл – жаңа кәсіпорындардың ашылуының, жаңа жұмыс орындарының құрылуының және экономикалық өсудің басты факторы», - деді ол.