Толассыз жауған жауын Қазығұрт ауданының жұртшылығын қатты әбіржітті. Нөсер жауын салдарынан үш елдімекенді су басты. Қырдан аққан қызыл судың арыны қатты болды. Кейбір жерлерде тізеге дейін жеткен. Қосағаш, Тұрбат және Ақбастау ауылдарында жалпы 28 үйдің ауласы суға толса, 4 баспананы басып қалды. Мамандардың алдын ала мәліметі бойынша, адам шығыны мен тұрғын үйлердің қирау жағдайлары тіркелген жоқ. Қазіргі таңда су басқан аумақтарды лай-батпақтан тазарту, ретке келтіру жұмыстары жүруде.
ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:
Аталған жұмыстарға 12 арнайы техника мен 200-ден астам адам жұмылдырылған. Мамандар күшейтілген режимде жұмыс істеп, зардап шеккен аумақтарда тазарту және қалпына келтіру шараларын кезең-кезеңімен жүзеге асыруда. Қазіргі басты міндет – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, табиғи апат салдарын барынша азайту және зардап шеккен аумақтарда қалыпты жағдайды қалпына келтіру.