Күллі көшпелі халықтың төл өнері мен бай мәдениетін шартарапқа паш еткен 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары мәреге жетті. Бүгін 5 күнге созылған айтулы шараның ресми жабылу салтанаты өтті. Этноауылдағы дүбірлі дода сән-салтанаты үйлескен мерекелік шерумен аяқталды. Жарыстың жалпы қорытындысы бойынша ел намысын қорғаған 216 спортшы 114 медальді қоржынға салды. Оның 43-і алтын, 34-і күміс және 37-сі қола жүлде. Медаль саны жағынан Қазақстан көш бастады. Ал екінші орынға 65 медальмен Қырғызстан, үшінші орынға 34 медаль алған Өзбекстан құрамалары жайғасты.