Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Қазақстаннан босқын мәртебесін сұраушылар артып барады

AstanaTV
11.04.2017ж. 20:00
2552
Қазақстаннан босқын мәртебесін сұраушылар артып барады

Сирия азаматы Алматыда жаңа өмір бастағысы келеді. Ал Ауғанстан тұрғыны Шымкентте қалу үшін босқын мәртебесін сұрап жүр. Соңғы кездері Қазақстаннан пана іздеген келімсектер артып келеді. Халықаралық адам құқықтары жөніндегі бюро өкілдерінің мәліметінше, жыл сайын елуге тарта шетелдік өтініш береді екен. Бірақ қазақстандық заңнамалардың халықаралық конвенцияға сәйкессіздігі босқындарға ресми мәртебе алуға  мүмкіндік бере бермейді.

Алладин Альсаримнің Қазақстанда жүргеніне оныншы күн. Сирияда әйелі мен үш баласы қалған, ал үйі бомбалау кезінде қирапты. Ұзақ жол жүріп, Түркияға келдім, содан ұшақпен Алматыға табан тіредім дейді. Төлқұжатында визасы бола тұра, кедендік аумақтан 4 күн бойы жібермей қойғанын айтады.

Алладин Абдуальжабар, сириялық келімсек:

Неге бұл жаққа ұшып келдің деп сұрайды. Мен визам бар екенін көрсеттім.  Бұрын да Қазақстанда болғанмын. Мұнда тыныш, ал Сирияда соғыс жүріп жатыр. Бұл жерде менің туысым тұрады, соны пана тұтып келдім. Өз елімде өмір сүру мүмкін емес.

Осыған ұқсас жағдай Шымкентте тұрып жатқан ауғанстандық Мохаммад Асиф Пардистің де басында бар. 2015 жылдың мамырында келген ол бастапқыда 1 жылға заңды түрде босқын мәртебесін иеленген. Отбасын да алдыртады, бірақ таяу мерзімде ел аумағын тастап шығулары тиіс. Арнайы комиссия босқын мәртебесін ұзартудан бас тартқан. Ендігі үміті сотта.

Мохаммад Асиф Пардис, ауғанстандық келімсек:

Ауғанстанға барсам, мені тірі қалдырмайды. Қай күні өлтіріп кетеді деген үреймен жүру өте қиын. Ал Қазақстанда тыныш, бейбіт өмір. Халқы жайдары. Балаларым осында оқыса, Қазақстанға еңбек сіңірсе деп армандаймын. 

Облыстық көші-қон қызметінің бастығы Мохаммат Асифтің Шымкентке бас сауғалап емес, экономикалық мақсатпен келгеніне сенімді. Шетелдікке мұнда тұрғылықты тұру үшін виза аштыру жөнінде кеңес бергенін айтады. Ауған азаматының талап арызын қараған сот  комиссия шешімін екі рет өзгеріссіз қалдырған.

Нұрдәулет Төлегенұлы, ОҚО ІІД көші-қон қызметі басқармасының бастығы:

Заңға сәйкес тек қана «босқын» мәртебесін алатын кісілер ол діни жағынан, сосын бір әлеуметтік топқа жататындығы, немесе, мысалы, өзінің мемлекетіне қарсы шығуына байланысты, «босқын» мәртебесі беріле алады. Ал бұл өзінің елшілігіне де жүгіне алады және оның елі өзін қабылдап жатыр. Сондықтан босқын ретінде оны біз қабылдауға мүмкіншілігіміз жоқ.

Адам құқықтары жөніндегі бюро өкілдері Қазақстан заңнамаларының халықаралық конвенцияға сәйкес келе бермейтінін жасырмайды. Азаматтық кодекске сәйкес келімсектер өз елінде өміріне қауіп төніп тұрғанын дәлелдеуі тиіс.

Гүлмира Қуатбекова, Халықаралық адам құқықтары жөніндегі бюроның Қазақстандағы заңгері:

Уәкілетті органға босқын мәртебесін бер деп міндеттеу қиын. Өзі пана іздеп, босып жүрген адам өміріне қауіп төніп тұрғанын қалайша дәлелдемек? Ауғанстанда дала командиріне немесе тәлібтерге барып мені кез келген уақытта өлтіретініңізді растаңызшы демек пе? Ақылға қонбайды.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Халықаралық адам құқықтары жөніндегі бюроның дерегіне сүйенсек, соңғы 19 жылда 700 адам біздің елде босқын мәртебесін алыпты. Бірақ оны сұраушылардың саны бұдан әлдеқайда көп. Жыл сайын елуге тарта шетелдік өзіне Қазақстан тарапының осындай мәртебе беруін сұрап өтініш жасайды екен.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ