$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Есіл қаласында балалар арасында белгісіз індет тарады

AstanaTV
19.09.2024ж. 11:27
251
Есіл қаласында балалар арасында белгісіз індет тарады

Ақмола облысының Есіл қаласында балалар арасында белгісіз індет тарады. Наразылықтарын әлеуметтік желілер арқылы білдірген аналардың айтуынша, дәрігерлер бұл аурудың нақты диагнозын тап басып айта алмаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ата-аналардың айтуынша, балалардың денесіне бөртпе сияқты қызыл дақтар шығып кеткен. Балалар тамақ ішуден бас тартып, дене қызуы көтерілген.

"Біз Есіл қаласында тұрамыз. Қалада балалар арасында белгісіз бір індет тарап жатыр. Баланың денесі тұтастай қызара бөртіп кетеді. Дене қызуы көтеріліп, тамақтан мүлде бас тартады. Тіпті бөртпе балалардың аузының ішіне де шығып кетті. Қазір балабақшалардың көбінде балалар осы ауруға шалдыққан. Ешқандай маман жоқ. Педиатрдың қабылдауында болғанымызбен, онда бізге ешқандай талдаусыз антибиотик, аллергияға қарсы дәрі-дәрмектер жазды. Балабақшадағы танысымның бірі – бір топта бірден сегіз баланың науқастанып қалғанын айтты. Бірақ карантин жарияланбаған. Қорқыныштысы – сол біз қандай індеттен емделіп жатқанымызды да білмейміз. Талдау жасалған жоқ. Алдын ала аллергия немесе стоматит деді. Не істерімізді де білмейміз. Бізде қандай да бір мамандар болуын қалай талап ете аламыз? Бізде дерматолог, лор, қарапайым дәрігерлердің өзі мүлде жоқ", - дейді ашынған ата-аналар.

Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасы аталған жағдайға байланысты ресми түсініктеме берді.

"Энтеровирустық инфекция Enterovirus түріндегі вирустар ағзаға түскен кезде балалар мен ересектерді зақымдайтын жұқпалы аурулар түріне жатады. Аталған қоздырғыштар дененің қалтырауы, безгек, іш өту, бөртпе, тамақтың қабынуы сияқты басқа да ауруларды тудырады. Ауру маусымы жазғы және күзгі кезеңде ауа-тамшылы жолмен жұғады. Денсаулық сақтау басқармасы Есіл қаласындағы "Гүлдер" балабақшасындағы балалар арасындағы энтеровирус инфекциясының таралуының тіркелуіне байланысты 3 қыркүйектен 9 қыркүйекке дейінгі аралықта алдын ала "Жеңіл түрдегі энтеровирус инфекциясы" диагнозымен 7 жағдай тіркелгені аықталғанын хабарлайды. Төрт бала бүгінгі таңда амбулаториялық ем қабылдап жатыр. Балалардың жағдайы қанағаттанарлық. Энтеровирустық инфекцияға қарсы амбулаториялық ем тағайындалды. Клиникалық энтеровирус инфекциясы екені расталды. Қазіргі уақытта санитарлық-эпидемиологиялық стансаға тапсырылды", - деді Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасынан.