Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Оқыған қыз орнын табады?..

AstanaTV
06.05.2017ж. 20:00
7537
Оқыған қыз орнын табады?..

Қазіргі қоғамда туған мәселенің бірі – оқыған-тоқыған, жұмысы бар қыздардың теңін таппай отырғаны. Көп ретте бірінші кезекте ата-аналары уайымға салынады. Әулие-әмбиелердің бейітін жағалау, тойлардан ырымдап «бірнәрсе» әкелу... Ал қыздардың көп ретте айтатыны – жігіттер отбасы тұрмақ, өзінің қарақан басын асырай алмайды. Жауапкершілікті сезінбейді. Жігіттердің де жауабы бар – ондай қыздар «көп біледі», «тым ақылды». Ал кейбір деректерге қарағанда, еліміздегі 18-бен 35 жас аралығындағы 700 мың тұрмысқа шықпаған қызға 300 мың бойдақ келеді екен. Әрине, бұл «себебі мынау» деген нақты жауабы бар, одан әрі «өйту керек, бүйту керек» деп қысқа қайыратын мәселе емес. Оған әкелген факторлар көп және адамның серік таңдауы бәрібір бір формулаға негізделмейді. Бірнеше оқыған қызды сөзге тартқанбыз. Инфантильді – сүлесоқ жігітке тұрмысқа шыққанша... дейді. Инфантильдік дегеніміз –адамның психологиялық дамуының кенжелеп қалуы. Былайша айтқанда, жігіт болса да, жеткіншек сияқты ойлау.

«Тұрмыста емеспін» Бұл тіркес осыдан оншақты жыл бұрын 20 жастан сәл-пәл асқан бойжеткендерге кәдімгі қасірет-тін.Қыздардың уайымы өз алдына, мәпелеп өсірген гүлінің «отырып қалғаны» ата-анаға қатты бататын. Бірақ бүгінгі заман өзгерген. Сәйкесінше, арулардың пайымы да бөлектеу.

Динара:

Қазақтың мақалымен айтатын болсақ, «отырған қыз орнын табады». Ол жағына мен қам жемеймін. Ата-анам маған ол туралы ештеңе айтпайды. Олар менің нені қалайтынымды біледі, қандай ер адамды. Сондықтан, менің өмірімді түрткілемейді.

Кейіпкеріміз Динара 32-де. Алайда, өзін «кәрі қыздар» санатына қосудан аулақ. Керісінше, өзін «тартымды» қалындықпын деп санайды. Жеке кәсібі бар. Соның жемісін көріп, «не кием, не ішем дегенге» басы қатып уайымдамайды.  

Динара:

Мен жаспын, әдемімін. Жоғары білімім, тұрақты жұмысым бар. Ата-анама масыл емеспін. Тіршілік етіп, өз-өзімді қамтып отырмын. Ауқатты демеуші не болмаса ақшалы жігітім де жоқ. Өміріме ризамын.Осы күнге дейін тұрмыс құрмауымның себебі – өзіме сай адамды кездестірмедім. Шыны керек, қазіргі жігіттердің көбі «бала» сияқты. Жауапкершіліктен жұрдай. Ыңғайы келсе бәрін әйелдің мойнына жүктеп қойғысы келеді. Ондай жігіттің қажеті қанша?!

Тұрмыс құру мәселесінде Динараның түйгені осы. Айтуынша, әлсіздік –әйелге тән қасиет. Өмір заңдылығы солай. Бірақ соңғы уақытта «мықтылықтың» символы дейтін ер-азаматтардың арасындар осалдар көбейген. Мұндай картинада табиғатынан нәзік жанды қыздарымыз амалсыз «күшті» болуға мәжбүр. Оның бұл айтқанымен психологтар да келіседі.

 Ермек Нұрым, психолог:

Қазақта бар ғой, 15-тегі бала баспын дейді, 30-дағы бала жаспын дейді. 30-ға келеді де жігіттердің көбі маған қолдау керек деген сияқты, әке-шешеден қолдау керек, маған айту керек, бүйту керек болмаса инфантильді жігіттер бар. Үйінде жатып алып, телевизорды қосып алып, армандап құр жататын жігіттерді айтамыз.

Шымкенттік бойжеткен Майраның да жасы отыздан асқан. Мұғалім болып жұмыс істейді. Ұжымда беделді. Жазда мемлекеттік-жергілікті басқару мамандығы бойынша екінші дипломын алмақ. Табиғатынан момын, өте қарапайым, әрі ұялшақ.  

Майра:

Таңдау деген негізі менде болған жоқ, материалдық жағынан. Ол жағынан тіпті іздеген де жоқпын. Ойымда да болған жоқ ол нәрсе. Тек ой-өрісі өзіммен деңгейлес адам болғанын қаладым. Бірақ сол жағынан көп менде кедергілер болды. Қазіргі жігіттердің ойлау деңгейінің, өмірге деген көзқарасының төмендігі, олардың жұмыс мәселесінде жалқаулығы, осы мәселе көңілімнен шыққан жоқ, шынын айтқанда.

«Таңдаған тазға жолығады» дегенді Майра жақсы біледі. Жалғыздық құдайға ғана жарасқан, ұсыныс түссе, шыға салам,-деп шорт кескен кездері де болыпты. Бірақ, көзқарасы мен өмірлік ұстанымы сәйкеспеген жанмен тағдырын қосу қателік екенін түсінген.

Майра:

Үмітім бар енді. Жалғыз болып қалғым келмейді шын мәнінде. Өзімнің отбасым, балаларым болғанын қалаймын.
-Уайымың не?
-Дәл қазір мендегі уайым осы бала мәселесі. Егер кеш шығып қалсам әйелдің бақыты, болашағы бәрі осы баламен  байланысты ғой,тек осы жағы мені шын мәнінде қатты толғандырады.

Ләззат Сейілханды оралдықтар жақсы біледі. Туған күн, құдалық, үйлену тойы, сүндет той мен мерейтойлар оның "Жұлдыз-шоу" тобынсыз өтпейді. Қазақтың тойы бітсін бе, бойжеткен әр күн дерлік той-томалаққа барады. Есептеп көрсек, бір тойда кемінде 200 адам болса, Ләззат аптасына 2000 адаммен бет көріседі екен. Бірақ осынша жұрттың ішінен өзінің бағын ашып, өмірлік серігі болатын нар жігітті таба алмай жүр. Жасы 31-ге келсе де, тұрмыс құруға асықпайды. Айтуынша, бұған ер азаматтардың өздері кінәлі.

Ләззат Сейілхан, Орал қаласының тұрғыны:

Көп жігіт сөз салғанда қайда жұмыс жасайсың? Айлығың қанша? Көлігің бар ма? Үйің ба ма? Соған қарағанда мен ойлаймын, жағдайы бар қыздарды ұнататын сияқты қазіргі жігіттер.

Дайын асқа тік қасық, -демекші Ләззат «күшік күйеу» атануға әзір тұрған талай жігітті көзі көрген. Айтуынша, бұл ер азаматқа жараспайтын қылық. Бір сөзбен айтсақ, намыссыздық. Еркектің басты қаруы – еңбекқорлығы. Сондықтан болашақ жарым жұмыстан қорықпайтын, ісі мен сөзіне берік, жауапкершілігі мол адам болса,-деп армандайды.

Ләззат Сейілхан, Орал қаласының тұрғыны:

Апаларым Ләззат той мәңгілік емес, тұрмысқа шық дейді. Қаншама дос-таныстарым, интернеттегі достарым менің тойымды күтіп армандап жүр. Етім үйреніп кетті оған. Басында шығам ғой деп жүретінмін. Кейбір таныстарым болады. Мені таныстырғысы келіп, менің ағам бар, жездем бар, деп таныстырғысы келеді жеңгетайлық құрып. Оған менің жыным келеді.

Әйтсе де, психологтар өзіне «идеал» жасап алып, сол сағымды іздегендер жайлы әңгіме қозғады. Айтуларынша, көз алдына белгілі бір «образды» бейнелеп алған қыздардың бұл әрекетіне көбіне ата-ананың айтқандары түрткі болады.

Ермек Нұрым, психолог:

Қызды отбасыда тәрбиелегенде, барлығы емес, бірақ бар, -сен жағдайы жақсы жігітке тиюің керек, сен деген әдемісің, сен өзің көріктісің, сен өзіңнен төмен адамға үйленуге болмайды, сен магистр, бакалавр, докторантура оқисың, сенің дәрежең әлдеқайда жоғары деп айтып отырады. Бұны қыз қабылдаса, олардың тұрмыс құруына тежегіш осыдан болады.

Психологтар тұрмыс құрып, үйленуден қорқатын жастардың көбейіп келе жатқанына алаңдаулы. Бұл жерде де басты гәп - үйдегі тәрбиеден деген болжам айтады. Мәселен, бір топ бар - материалдық ахуалды желеу етіп шаңырақ көтеруден қашқақтайтын. Дәйектері – алдымен лайықты жалақы төлейтін жұмысқа орналасу, баспаналы болу, астына көлік алып міну. Яғни, отбасыны асырауға қам-қарекетті жасап алу мақсаты. Сөйтіп жүргенде уақыт құрғыр өте шығады.  

 «Москва слезам не верит» фильмінен үзінді.

...Молодец ты Катя. Мы своим ребятом тебя всегда пример ставим. Всего чего хотелось в жизни добилась! – Это верно. Так ты пока ребятам не рассказывай, как раз тогда, когда всего добьешься в жизни, больше всего волком завыть хочется! 

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Бәрі кинодағыдай бола қоймас. Дегенмен, ондағы тағдырлар кәдімгі өмірден алынғаны ақиқат. 2009 жылы жүргізілген халық санағы елімізде отыз жасқа толған 798 мың адамның отбасы құрмағанын анықтады. Ал, 50 жастан асқан сүр бойдақтардың саны 70 мыңға жеткен. Жалғызбасты әйелдер 110 мың-ды құрады. Санамалап көріңіз. Санымыз 17 млн десек, оның 1 млн-ға жуығы отбасылық бақыттың не екенінен бейхабар. Елімізде айырылысудың да аз еместігі рас, бірақ ол аздап басқаша әңгіме. Ал шаңырақ шаттығын сезінбейтіндердің көбеюі қоғамның түпкілікті деградацияға ұшырауының алғышарты. 

Әсемгүл Мұхитқызы, Айзада Төрекбекқызы, Еркін Қарин, ришат Асқарбекұлы, «Біздің уақыт».