Шығыс Қазақстан облысында елдімекендердің санитарлық жағдайын қамтамасыз етуге, абаттандыру қағидаларын сақтауға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған республикалық "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы жүйелі негізде өткізіліп жатыр.
Акция аясында 16 мобильді топ жұмыс істеуде. Олардың құрамына аумақтық полиция бөлімшелерінің қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, сондай-ақ жедел басқару орталығының мамандары кіреді. Қоғамдық ортақ пайдаланылатын орындарды ластау және заңсыз қоқыс үйінділерін қалыптастыру деректерін анықтау мен болдырмауға бағытталған рейдтік іс-шаралар жүргізілуде. Өткізілген жұмыс кезеңінде 22 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Атап айтқанда, 2026 жылдың басынан бері екі мыңнан астам құқық бұзушылық фактісі анықталып, тоқтатылды. Бақылау тиімділігін арттыру мақсатында бейнебақылау жүйелері кеңінен қолданылуда. Облыс аумағында 135 камера жұмыс істейді, олардың көмегімен мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды. Тіркеу және әрекет ету шаралары жедел басқару орталығының қатысуымен жүзеге асырылуда. Сонымен қатар құқық бұзушылық жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөнінде жергілікті атқарушы органдар мен заңды тұлғалардың атына 354 ұсыныс жолданды.