Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Таразда жарты ғасыр жөндеу көрмеген үйдің тұрғындары шу шығарды

AstanaTV
05.05.2017ж. 20:00
3257
Таразда жарты ғасыр жөндеу көрмеген үйдің тұрғындары шу шығарды

Көркі кеткен көп қабатты үй. Таразда №19 үй тұрғындары 50 жыл жөндеу көрмеген баспаналарының қазіргі күйін айтып шу шығарды. Көптің тілегі - көгерген үйдің шатыры мен ішкі құрылысын қалыпқа келтіру. Енді олар пәтерлеріне пайдасына тимегендіктен, ПИК қызметіне төлем жасауды да тоқтатыпты.

Өткенде күйеуіміз екеуміз далаға шыққанбыз, сол кезде басымызға шифер, кірпіштер төбеден түсіп жатты.

Данияр Әлімқұл, тілші:

№19-шы үйге ел жаңаратын елу жылда ешқандай жаңғырту жұмысы жүргізілмеген. Сәулетінің сиқы қашқаны соншалық, қатты желде қаланған кірпіштері шатырдан құлайтын көрінеді. Яғни құрылысы жүрмегендіктен қауіпті нысанға айналған. Тұрғындардың ендігі талап-тілегі атқарушы билік үйді апатты деп танысын немесе мемлекеттік бағдарлама бойынша биылдан қалдырмай  бүтіндеп берсін дейді.

63 пәтерлі үй жетпісінші жылдары берілген. Содан бері жұпыны үйдің жұлынған шегесі қайта қағылмаған.  Тұрғындар қыстан аман шыққандарына тәубе дейді. Олар көктемге ілінісімен, тараздық атқамінерлердің табалдырығын тоздырып келеді.

Әмина Ғаниқызы,  Тараз қаласының тұрғыны:

45-50 жылдан бері бізде ремонт жоқ. Ешқандай болмаған. Мен әкімшілікке де бардым. Арыздарды да жаздым. Ешкім ілмеді. Келуін келді әкімшілік, мынаны сырттан суретке түсірді. Бірақ, ешкім пәтердің ішін көрген жоқ. Келеді, үндемей кетеді. Болды!

Валентина Надиярных,  Тараз қаласының тұрғыны:

Зейнетақымызды жыл сайын шатырды жаңалауға жұмсаймыз. Ақшаны аямай төледік, алайда ПИК-тен қайыр болмады. Мен не үшін оларға тағы төлеймін.

Апта бұрын жауған жаңбырдан баспанасы бүлінген жанның бірі - Рахметәлі Нұрымбет. Ауған соғысы ардагерінің айтуынша, осыдан 3 жыл бұрын өз күштерімен жөндеу жұмыстарын жүргізіпті. Алайда, аз қуаныштары алысқа бармай, сәулеті қайта сыр берген. 

Рахметәлі Нұрымбетов, Тараз қаласының тұрғыны:

Мына жерде ЖКХ деген бар, оған да бардық. «Кезекке қоямыз!» деді. «Қазір ЭКСПО, ақшаның бәрі ЭКСПОҒА кетіп жатыр» деп бастықсымағы осылай жауап берді.

Ал, атқамінерлер қалада мұндай 500 үй бар дейді.

Әбдірахым Әшірмұхамедов, Тараз қаласы әкімдігі тұрғын үй инспекциясы бөлімінің заңгері:

Баспананың ешқашан жөндеу көрмегені рас. Қазір толық жөндеуіне 30-35 млн теңге қажет. ПИК-ке әр үй шаршы метрі үшін бар-жоғы 10 теңге төлеуі керек. Соның өзіне қиналады. 40 пайызы ғана береді, содан қалай құрылыс жүреді? Ал, алматылықтар шаршы метріне 45 теңгеден төлейді. Бірақ, үй кондоминиум бойынша кезекте тұр. Демеушілер табылып жатса, ертең-ақ жөндейміз. 

Тараз қаласы бойынша 1200 көп қабатты үй бар. Олардың тең жартысына жуығының тозығы жеткенін ескерсек, бұл баспананы жөндеу кезегі биыл келе ме, жоқ па, белгісіз. 

Данияр ӘЛІМҚҰЛ