Спорт Қазақстан
$444.14 €477.05 ₽4.85
×

Атбасарда 400 отбасы далада қалды

AstanaTV
17.04.2017ж. 20:00
2719
Атбасарда 400 отбасы далада қалды

Қызыл судың кесірінен Атбасар қаласында 400-ге тарта шаңырақ бос қалды. Кеше кешкісін дамбаны бұзып кірген ағыны қатты тасқын су ойда тұрған баспаналарды толығымен басып қалған.

Бір түнде бір мың екі жүз адам қауіпсіз аймаққа көшірілді. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ. Дегенмен, жергілікті жұрт үрейлі. Себебі еріген қар суының деңгейі уақыт өткен сайын көтеріліп келеді. Тіпті кей жерлерде баспаналардың шатыры ғана көрінеді.

Сергей Дроздов, Атбасар қаласының тұрғыны:

Үйдің ішінде бір метрдей су тұр. Кешелі бері жағдайымызды біліп ешкім келген жоқ. Түнімен дүние-мүлкімізді күзетумен болдық. Шамамыз жеткенше, заттарды далаға шығарып үлгердік. Не істерімізді білмейміз? Жиһаздардың барлығын жақында ғана несиеге алып едік, енді міне далада қалдық.

Кеше түнімен тасқын сумен арпалысқан жергілікті жұрт есін енді жиып, ауладағы көліктері мен тұрмыстық техникаларын әлі де тасып жатыр. Төтенше жағдай қызметкерлері көрші көшелердегі үйлердің де тұрғындарын сақ отыруға шақырып, қауіпсіздік шараларын жүргізіп жатыр. Қазір бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Юрий Ильин, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

Атбасарда қазір жағдай өте күрделі. Өткен жылы ғана қала маңында салынған дамба бес метрге мөлшерленген. Былтыр су деңгейі 3 метр болғаннан кейін, бұл бөгет өз қызметін жақсы атқарған болатын. Ал дәл қазір Атбасардағы тасқын судың биіктігі 5,6 метрге дейін көтеріліп тұр. 5-6 күнде су деңгейі түсуі тиіс.