Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

«Нұр Отан» тасқын судан зардап шеккендерге барынша қолдау көрсетеді - М.Құл-Мұхаммед

AstanaTV
18.04.2017ж. 20:00
2114
«Нұр Отан» тасқын судан зардап шеккендерге барынша қолдау көрсетеді - М.Құл-Мұхаммед

«Нұр Отан» тасқын судан зардап шеккен қазақстандықтарға барынша көмек көрсетеді. Бұл туралы бүгін Астанада өткен кеңейтілген отырыста партия төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед мәлімдеді. Жиында аймақтық филиалдардың барлығына қызыл судан жапа шеккендерге қол ұшын беріп, барынша жағдай жасау тапсырылды.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Біздің салтымыз қашанда бекем болған халық. Ынтымағы жарасқан халық. Кез келген қиын жағдайда, көршісіне болмасын, ағайынына болмасын, кімге де болмасын, көмек қолын созуға әзір тұрған халық. Сондықтан осындай қиындыққа тап болған біздің отандастарымыз, оның ішінде біздің партияластарымыз да бар. Соларға барлық жерде көмек ұйымдастыруымыз керек. Осы жұмыстың басы-қасында барлық регионалдық партия ұйымдары болу керек деп есептеймін. Бұл біздің азаматтық абзал борышымыз. Осы мәселеге келгенде нұротандықтар үлгі көрсетуін тапсырамын. 

Жиын барысында сондай-ақ өткен жылғы жұмыстар қорытындысы жасалып, биылғы жоспарлар сараланды. Партия төрағасының бірінші орынбасары бұл ретте түрлі саладағы менеджмент пен бақылауды күшейтудің арқасында бірқатар жетістікке қол жеткенін ерекше атап өтті.

«Нұр Отан» алдағы уақытта стратегиялық бағдарламалар бойынша да жұмысты күшейтпек. «Нұрлы жол» мен «Агро-өнеркәсіптік кешенге» қатысты президент жолдауында айтылған конституциялық реформаларды жүзеге асыру жайы да сөз болды. Мұхтар Құл-Мұхаммед партияластарын Елбасының жаңа «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасына да белсене атсалысуға шақырды. 

Елдос САПАРҒАЛИ